Түркістанда депутаттардың көшпелі жиыны өтті

238
Түркістанда депутаттардың көшпелі жиыны өтті

Депутаттар Түркістан қаласына жиналды. Облыс мәслихатының бюджет және экономиканың дамуы жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті мәжілісі Түркістанда өтті. Мұнда 2017-2019 жылдарға арналған облыстық бюджеттің жобасын талқыланды.

Халық қалаулылары алдымен Түркістан қаласының іргесінде салынып жатқан көп қабатты үйлердің құрылысымен танысты. Сосын Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі ұлы ғұламаларға тағзым етіп, құран аяттарын бағыштады.

Тұрақты комиссияның отырысы кесене жанындағы тарихи-мәдени этнографиялық мұражайдың баспасөз мәжіліс залында өтті. Халық қалаулыларының қарауына 2017-2019 жылдарға арналған облыстық бюджеттің жобасы ұсынылды. Облыстық бюджеттің түсімдері мен шығыстары бойынша жалпы көлемі 387 миллиард 443 миллион теңгені құрайды.

Түркістанда депутаттардың көшпелі жиыны өтті

Бұл қаржының басым бөлігі білім, денсаулық әлеуметтік салаға бағытталуда. Елдімекендерді газдандыру, ауыз сумен қамту мәселесі де назардан тыс қалмады. Осы тұста Түркістаннан сайланған депутаттар мүмкіндікті пайдалынып, өлкедегі мәселелерді ортаға салды. Олардың маңыздысы – егіс суаруға судың тапшылығы еді.

Егістікке қажетті ағын судың тапшылығын шалғай ауылдардың тұрғындары көріп отырғанын түркістандықтар түрлі деңгейде көтеріп келеді. Диқаншылықты кәсіп еткен жамағатқа қолдау болмаса, күнкөріске кері әсер етуде деген халық қалаулылары дабыл қағуда.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары бұл жағдаймен етене таныспыз дейді. Айтуларынша, мәселе шешу жолдарын да қарастырыпты.

Мақта, түрлі дақылдар, көкөніс пен жылыжаймен кеңінен айналысқан түркістандықтарға үкімет тарапынан қолдау болып, Кеңес Одағы заманынан бері жаңаланбаған каналдарды күрделі жөндеуге, жаңа су қоймасының құрылысына қаржы бөлінсе, бұл қасиетті өлкедегі еңбекқор халық аянбаймыз деп отыр. Онда азық-түлікпен өздерін ғана емес, өзге өңірлерді қамтуға мүмкіндігі бар.