Түркістанға сексеуіл тасығандар ұсталды

756
Түркістанға сексеуіл тасығандар ұсталды

Оңтүстікте өтіп жатқан «Браконьер» рейдінің үш тәулігінде 50-ден астам құқық бұзушылық анықталды. Ауқымды рейдті 1 қарашасынан бастап ОҚО ІІД жергілікті полиция қызметкерлері облыс аумағында қолға алған болатын.

Іс-шараның басты мақсаты – табиғатты қорғау заңнамасын бұзушылықтың жолын кесу. Оған полиция қызметкерлері мен табиғатты қорғау өкілдерінен құралған 50-ден астам жедел топ жұмылдырылды.

Алғашқы үш тәулік ішінде тәртіп сақшылары табиғатты қорғау заңнамасын бұзған 54 құқық бұзушылықты және 9 экологиялық қылмысты анықтады. Олардың ішінде, әсіресе, ағаш кесу, жануарлар дүниесін пайдалану және аң аулау мен балық аулау талаптарын бұзу жиі кездесуде.

Түркістанға сексеуіл тасығандар ұсталды

Мысалы, 1 қараша күні полицейлер Сарыағаш ауданы аумағындағы Келес өзенінің бойында ағашты заңсыз кескен, 1988 жылы туған жергілікті тұрғынды ұстады. Одан айғақ зат ретінде балта және 0,5 текше метр кесілген ағаш тәркіленді.

Түркістанға сексеуіл тасығандар ұсталды

Сол күнгі іс-шаралар кезінде Түркістан қаласының полицейлері сексеуіл артқан жүк көлігін анықтады. Жүргізуші, 34 жастағы Түркістан қаласының тұрғынында ешбір құжат болмаған. Жүргізуші мен оның жанындағы 25 жастағы Отырар ауданының тұрғыны автокөлікпен бірге оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында Түркістан ҚІІБ-ге жеткізілді.

Аталған жайттар бойынша қылмысты кодекстің 340-бабымен (ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау) іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Сонымен қатар табиғатты қорғау заңнамасын бұзған 45 адамға әкімшілік тәртіппен 130 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Рейд әлі де жалғасады.