Жылуға қатысты сұрақ болса…

512
Жылуға қатысты сұрақ болса...

Жылу берілгеннен бері редакциямызға жылуды толық алмай отырмыз деп шағымданған тұрғындардың қоңырау шалуы жиіледі. Дербес жылу қондырғысына қосылған үйлерде де жылуға жарымай отырмыз деген тұтынушылар баршылық. «Қуат жылу орталығы-3″ мекемесінің мамандары біз тек элеваторға дейінгі жылу сапасына жауаптымыз, егер осындай фактілер орын алса, диспетчерлік қызметке 44-82-37, 44-81-89 нөмірлері арқылы хабарласыңыздар» деп ескертеді.

Жылуға қатысты сұрақ болса...

Надежда Пустынникова орталық құбырдан жылу алудан бас тартпақ. Қолында «Қуат жылу орталығы-3» мекемесіне жазған арызы бар. Шымкенттік тұрғын бұлай істеуіме көршілерімнің көбісінің жеке жылу қондырғыларын қойып алғаны негіз болды дейді.

Надежда Пустынникова, қала тұрғыны: «Жылудан бас тартып жатырмыз. Балам қайтыс болды, келінім қыс бойы анасының үйінде болады. Бәрібір электр қондырғыларымен жылынып келген едік. Бекерге бос пәтерді жылытқанша, жылудан мүлдем бас тартуды ұйғардық. Оның төлемін айтсаңызшы?! Біз зейнеттегі адамбыз.»

Дәл осындай мәселемен біздің арнамызға 17-шағынауданның тұрғыны Неля Исабекова да шағымданған болатын. Ал жылу берушілер бір ғана арыз жазумен мәселенің шешілмейтінін айтады. Бұл ретте жылуға қосылудан бас тарту мәселесіне қатысты соттың шешімі қажет.

Негізі, жылыту маусымы басталғалы арыз-шағым көбейген. Олар алуан түрлі. Мысалы, Күншығыс шағынауданының тұрғыны Тойчи Халметов ыстық судың жоғы әлекке салды дейді. Мұны тексерген жылу берушілер ішкі жүйеде ақау орын алғанын анықтаған. «Оны қалпына келтіруге бірден кірісеміз» деп сендіреді жылуға жауаптылар.

Желтоқсан көшесіндегі №26 үйдің тұрғыны, тыл еңбеккері Анна Богданова пәтер жылынбайды деп шағым түсірген. Жылу берушілер арыз иесімен кездесіп, жағдайдың анық-қанығына көз жеткізді.

Әбсаттар Душанов, «Қуат жылу орталығы-3» мекемесінің бөлім бастығы: «Тыл еңбеккері Анна Николаевна тұратын көп қабатты үй жылу қабылдауға дайын емес болатын. «Отырар-TV» телеарнасы мен «Рабат» газеті қызметкерлерінің қоңырауынан кейін біз бұл үйлерді орталық желідегі жылуға қостық. Бригада қазір жертөледегі ақауды қалпына келтіріп жатыр. Қазір пәтердегі батареялер жылы. Тағы бір айта кететін жәйт, ҰОС ардагерлері жылуға төлем жасамайды, ал Анна Богдановаға қатысты ҰОС ардагерінің жесірі, тыл еңбеккері ретінде жеңілдіктер қарастырамыз.»

Сонымен, жылуға қатысты сұрақтарды дер кезінде шешуге мүмкіндік бар дейді мекеме жауаптылары. Ол үшін алдымен «Қуат жылу орталығы-3» мекемесінің диспетчерлік қызметіне хабарласу керек, Кезекшілердің байланыс телефондары: 44-82-37, 44-81-89.