«Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалы төрағасының орынбасары тағайындалды

731
Әлімжан Құртаев

«Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары тағайындалды. Партия төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхамедтің бұйрығымен «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне Әлімжан Құртаев тағайындалды. Облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалының төрағасы Жансейіт Түймебаев жаңа орынбасарын саяси бюро мүшелері мен қызметкерлеріне  таныстырды.

Әлімжан Құртаев

– Басшылықтың түрлі сатыларынан өткен Әлімжан Сейітжанұлы Елбасымыздың өзі төрағалық ететін «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының жұмысын жандандыруға тікелей септігін тигізуі керек. Саяси ұйымның міндетіне алған бағдарламалар мен барлық тапсырмаларын сапалы түрде орындап, партияның беделін көтеру мақсатында еңбек ететіндігіне сенеміз. Қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстанда «Нұр Отанның» 111 мыңнан астам мүшесі бар. 20 аумақтық филиал мен 328 бастауыш партия ұйымы белсенді түрде әрекет етуде. Енді осыншама күшті тиімді мақсатқа жұмылдыра білуі қажет,- деді облыс басшысы Ж.Түймебаев.

Әлімжан Құртаев 1958 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында дүниеге келген. Мамандығы инженер-құрылысшы. Жамбыл гидромелиорациялық-құрылыс институтын бітірген.

Еңбек жолын 1980-1982 жылдары осы институттың Қызылорда бөлімшесінде оқытушы болып бастаған. 1982-1985 жж Шымкент қаласындағы «Оңтүстікқұрылыс» тресінде шебер, аға инженер, 1985-1990 жж Алматы гидромелиоративтік-құрылыс ғылыми-зерттеу институтында кіші ғылыми қызметкер, 1990-1993 жж «Шымкентқұрылыс» тресінде комбинат директоры, 1993-1999 жж Арыс қаласының әкімі, 1999-2004 жж Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, кеңесшісі, көші-қон және демография басқармасының басшысы, 2004 жылы көші-қон және демография агенттігі төрағасының орынбасары, 2005 жылы Отырар ауданың әкімі қызметтерін атқарды.

2010 жылы «Оңтүстік  құрылыс сервис» ЖШС директоры, 2012 жылы Шымкент қаласы Еңбекші ауданының  әкімі, 2013 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін «Оңтүстік құрылыс сервис» ЖШС директоры қызметтерінде  болды. Техника ғылымдарының докторы.

Айта кетейік, «Нұр Отан» партиясының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Болатбек Қыстауов жақында Шардара ауданының әкімі болып тағайындалған еді. Ал жауапты орынға бүгін бекітілген Әлімжан Құртаевқа филиал төрағасы жаңа міндеттер мен тапсырмалар жүктеді.