//
Облыстық бюджетке 605 миллион теңге республикалық трансферт түсті Жаңалықтар 

Облыстық бюджетке 605 миллион теңге республикалық трансферт түсті

Құқық мәселелері және жергілікті өзін-өзі басқару жөніндегі тұрақты комиссияда облыс бюджеті нақтылануда. Облыстың 2016 жылғы қоржынының көлемі республикалық бюджеттен бөлінген трансферттер есебінен 605 миллион 461 мың теңгеге ұлғайды.

Облыстық бюджетке 605 миллион теңге республикалық трансферт түсті

Бұл күн тәртібіне енгізілген жалғыз мәселе болғандықтан, депутаттар оны бірауыздан құптап, халықтың наразылығын тудырған мәселелерді талқылауға көшті. Мысалы, Шымкенттегі №8 округтен сайланған депутат Клара Цеткин көшесіндегі кәріз жүйесінің құрылысынан кейін қалпына келтірілмеген жолдар мен оның сапасын сынға алды.

Бахарам Әбдікаримов, облыс мәслихатының депутаты: “Клара Цеткин көшесіндегі кәріз жүйесінің құрылысы созылып кетті. Алдында қараша айында аяқтаймыз деп еді, енді желтоқсанның 20-на деп белгіледі. Құрылысты “Су арнасы-Маркетинг” серіктестігі жүргізуде. Келеңсіздік салдарынан тұрғындар әбден әбігерге түсуде. Шұңқырға түскен көліктер де бар. Осы көшеге асфальт төселгеніне көп болмады. Қазылып, бюджет қаржысы көкке ұшты. Бұл тәжірибеге кім тосқауыл қояды?”

Талғат Касымбеков, ТҮКШ бөлімінің басшысы: “Құрылысты “Су арнасы-Маркетинг” серіктестігі өз  себінен жүргізуде. Құрылыс жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс болатын. Жолдарды мердігер өз қаржысына ретке келтіреді.”

Ал қаладағы №6 округтен сайланған халық қалаулысы облыс орталығындағы негізгі жолдардағы құрылыс қажеттілікке қарай емес, біреулердің мүддесі үшін қажет сияқты деген күдігін жасырған жоқ.

Тұрлыбек Қилыбек, облыс мәслихатының депутаты: “Осы Тәуке хан даңғылын неліктен үсті-үстіне жөндей береді? Шөкеев әкім болғанда бір жөнделді. Соңғы алты жылда үш рет жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Бұл жерде біреудің мүддесі бар ма?”

Бұған қоса Арыстағы ауданаралық жолдардың жайы да талқыланды. Ордабасы ауданындағы №28 округтен сайланған депутат Әділхан Исабаев ауыл ағайындарының аманатын кезекті рет көтерді.

Әділхан Исабаев, облыс мәслихатының депутаты: “Ордабасы ауданындағы Ермолаевка ауылындағы жолдар әбден шашылып бітті. Оны Бадамға барар жолды жөндегенде құртты. Содан кейін мына Батыс Европа – Батыс Қытай көлік дәлізінің құрылысы барысында бұзылды. Осы жолдарға назар салмайсыздар ма? Халық неліктен аудандағы жолдарға мән берілмейді деп бізден кездесулерде сұрайды.”

Көтерілген мәселелер бойынша тұщымды жауап ала алмаған депутаттарға басқарма басшылары сессияның алдында жауап беретін болып келісілді. Алтыншы шақырылымдағы облыс мәслихатының кезектен тыс 9-сессиясы 26 желтоқсанда сағат 11-ге белгіленді.

Тағы да оқитындарыңыз

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz