//
Мал ұрлығы Жаңалықтар 

Ордабасы ауданында мал ұрлығы өршіп тұр

Ордабасы ауданында мал ұрлығы толастар емес. Аудандық ішкі істер бөліміне тұрғындардан түскен арыздар қаралады-ақ, алайда қылмыстың басым бөлігі ашылмауда. Соның салдарынан ел арасында шенділерге сенімсіздік артуда.

Мал ұрлығы
Мал иесі ұрылардың кірген жерін көрсетуде

Жылдың басында 37 жастағы азаматшаның 18 жылқысын ұрлағандардың арасында осы Ордабасы ауданының тұрғыны да болған. Қылмысты іс қозғалып, күдіктілер абақтыға жабылған да еді. Алайда сотқа жеткен істер бойынша өкім шығаруда ауыл ағайындары қылмыскерлерді кешіріп жататыны бар.

Алмасбек Мамытбеков, Ордабасы ауданының әкімі: “Ең көп мал ұрлығы болған ауылда кездесу өткіздік. Тұрғындар сот отырысы ауылдық клубта өтсін деген ұсынысы бойынша мәжіліс ауылда  ұйымдастырылды. Істі қарау барысында мал ұрлығын жасаған жерлестеріне ауыл ағайындары кешірім беруді ұсынды. Бұлай бола берсе, кінәлілер жазасын алмаса, бұл қылмыс түрі азаймайды ғой? Қазір біз халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз.”

Ал Шұбарсу саяжайында қордаланған әлеуметтік және коммуналды мәселелерді шешу мақсатында елдімекенде ауылдық округ құрылуда. Саны 26 мыңнан 40 мыңға жеткен ауыл тұрғындарына жаңа мектептер, ауруханалар мен емханалар қажет. Өзекті мәселелер ауданның даму жоспарына енгізіліпті, олар кезеңімен жүзеге асады. Әкім ауданда әлі де апатты және үш ауысымдық мектептердің барын жасырмады. Келер жылы Шұбарсуда 600 оқушыға шақталған, ал Амангелдіде 300 орынды қосымша ғимарат салынады.

Ауданда жұмыссыздыққа қарсы жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Бұл бағытта әкімдік туризм саласын дамыту арқылы ауылдағы ағайынды жұмыспен қамтымақ. Келер жылы Арыс өзенінің жағалауында екі демалыс орнының құрылысы басталады деп күтілуде.

Ауыл шаруашылығына бейім ауданда соңғы бес жылда 35 канал жөнделіпті. Нәтижесінде биыл 31 310 гектар суармалы жер игеріліп, 27 млрд теңгенің өнімі өндірілген. 55 техника сатып алынып, жыл басынан бері 718 гектарға жылыжай салынып, 688 гектарға тамышлатып суару әдісі енгізілді.

Алмасбек Мамытбеков, Ордабасы ауданының әкімі: “Биылғы тоғыз айда орта және шағын бизнес өкілдері 37 млрд теңгенің өнімін өндірген. Бұл салада 20 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылған. Аудандағы 20 инвестициялық жобаны жүзеге асыру мақсатында бюджеттен 4 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген.”

Аудан бойынша 57 елдімекеннің басым бөлігі құбыр суымен қамтылған. Қалған ауылдарды ауыз сумен қамту мақсатында сараптамалық жұмыстар жүргізілуде. Бұған қоса ордабасылықтардың 6,9 пайызы табиғи газбен қамтылған деген әкім қалған елдімекендерді газдандыру үшін жоспарлы жұмыстар қолға алынған деді.

Тағы да оқитындарыңыз

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz