Пиротехника бойынша рейд басталды

429
Пиротехникаға рейд

Облыстық төтенше жағдай департаментің мамандары контрафактілі пиротехниканы тексеруге шықты. Жаңа жыл қарсаңында көпшіліктің сұранысына ие болатын бұл тауарлар ең қауіпті өнім саналады. Ал оны пайдаланушылар да, сатушылар да қауіпсіздік ережесін сақтап, тиісті құжаттары болуы тиіс.

Пиротехникаға рейдБұл жолы рейдке шыққандар «Айна» базарына келді. Тексерушілер бірнеше топқа бөлінген. Мұндағы мақсат – пиротехниканы заңсыз сатушыларды анықтау. Себебі, сапасыз отшашулар мен жарылғыштарды пайдалану соңы мереке кезінде аурухана төсегіне таңылуға әкеп соқтыруы мүмкін.

Тексеру кезінде сатушылардың барлығында дерлік отшашулардың сапа сертификаты бар екені белгілі болды. Ал екінші міндетті құжат – лицензия жағы қиындау. Сатушылардың кейбірі рұқсат қағазға қарсы еместігін, бірақ, оны қайдан алуға болатынын білмейтіндерін айтуда.

Дегенмен, тексерушілерде таңдау қалған жоқ – рұқсат құжаты жоқ ондай сылтау айтқандарды әкімшілікке жауапкершілікке тартуға кірісті. Бұған қоса пиротехникалық өнімдер сатылатын басқа сауда орындарынан өзге де тәртіп бұзушылықтар анықталды.

Айта кету керек, былтыр сертификаты жоқ отшашуларды пайдалану және қауіпсіздік техникасын бұзудың салдарынан 9-10 жасар 3 бала зардап шекті. Осындай келеңсіздіктің алдын алу үшін полицейлер мен өрт сөндірушілер тексеруді 5 қаңтарға дейін жалғастырамыз деп отыр.