Шымкенттік тұтынушылардың жылуға қарызы 99,9 пайызға өтелді

429
№3 жылу-энерго орталығы

Шымкенттік тұтынушылардың  жылуға қарызы 99,9 пайызға өтелді. «Қуат жылу орталық-3» мекемесінің басшылығы осылай деп хабарлады. Бұл мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын қаладағы 1700-ден астам көп қабатты үйдің жылумен үздіксіз қамтылуын қамтамасыз етуде.

№3 жылу-энерго орталығыСала мамандары ауа райына байланысты жылудың мөлшерін өзгерту жөнінде «3-энергорталық» АҚ-на күнделікті тапсырыс беріп отырады. Басшылық Шымкентте жылуға қатысты проблема жоқ деп сендіреді.

Коммуналшылардың тапсырысы бойынша «3-Энергорталықтан» берілген жылудың температурасы бүгін 75-80 градусты құрайды. Егер көп қабатты үйлердің тұрғындары тозығы жеткен үйішілік жылу жүйелерін толық жаңаласа, жылу қабылдауда ешқандай күрделіктер болмайды дейді жылу берушілер. Жангелдин көшесіндегі №13 а үйде алмастырылған жылу жүйесі, оған қоса орнатылған жылу есептегіш құрылғысы оған кепіл.

Өтеген Ахмет, «Қуат жылу орталық-3» мекемесі басшысының орынбасары: «Бүгінде біз қаланың оңтүстігінде орналасқан 700-ден астам және солтүстік бөлігіндегі 1000-нан астам үйді жылумен қамтып отырмыз. Егерде ақаулар орын алса, оны арнайы бригада ретке келтіріледі. Диспетчерлік қызмет те тәулік бойы жұмыс жасайды. Ондағы  кезекші мамандармен 44-82-37, 44-81-89 телефондары арқылы хабарласуға болады.»

Жылу берушілер орталық жүйеге қосылған тұтынушыларды подъездерін қымтауға шақырады. Ал тік құбыр, радиаторлар мен жертөледегі жылу жүйелерін жаңалаған тұрғындар жылы пәтерде отырғанын айтады.

Галина Горбунова, қала тұрғыны: «Мен Айбергенов көшесіндегі көп қабатты үйде тұрамын. Жылуды бұрын тікелей «3-энергоорталықтан» алатынбыз, жақсы болатын. Биыл сорғы стансасынан жеткізіледі. Жылу жақсы, еш шағымым жоқ.»

Света Қарабаева:» Біз жүйелердің барлығын жаңаладық. Күн жылы болса, үй де жылы. Жаман емес.»

Жылу беру маусымында ірі ақаулар орын алмағаны – коммуналшылардың еңбегі деуге болады. Себебі, алдын ала жасалған жоспар бойынша ескірген құбырлар алмастырылды. Алдыңғы жылдары проблема болған учаскелерде полиуретанмен қапталған құбырлар орнатылды. Енді осы құбырлар арқылы жылу тұтынушыға еш шығынсыз жетеді. Қазір жылу берушілер аязды күндерге қамдануда. Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты «3-энергорталықтан» берілетін жылудың температурасы артады.

Егер жылуға қатысты сұрақтарыңыз болса «Қуат жылу орталығы – 3» мекемесінің диспетчерлік қызметіне экранда көрсетілген телефондар арқылы хабарласыңыздар: 44-82-37, 44-81-89. Кезекші мамандар тәулік бойы жұмыс жасайды. Өтініштеріңізді қала әкімдігіне қарасты диспетчерлік қызметіне де жіберуіңізге болады. Телефоны – 53-00-15