Қоғамдық қабылдауға келгендер депутаттың қолдауын тапты

256
Қоғамдық қабылдауға келгендер депутаттың қолдауын тапты

Көмекке мұқтаж жандар «Нұр Отан» партиясының есігін қақты. Бұл жолы шағымын арқалай келгендердің қажетін халық қалаулары ескеріп, мәселелерін шешіп берді.

Қоғамдық қабылдауға келгендер депутаттың қолдауын тапты

75 жастағы Тыныштық Иманғалиева немересінің жұмыссыз жүргені жанына батып жүргенін айтып, көмек сұрай келіпті. Әжейдің айтуынша, байланыс саласы бойынша жоғары оқу орнын бітірген немересінің техникалық мамандық таңдауына өзі себепкер болыпты. Бірақ, диплом қалтада бола тұра жұмыс таппай сенделіп жүргенін айтады. Білдей маманның бос жүргеніне бей-жай қарай алмаған халық қалаулысы Рәшкүл Оспаналиева сол жерде-ақ мәселені шешуге кірісті.

Тыныштық Иманғалиева: «Нұр Отан» партиясының қабылдауында депутат Оспаналиева Рәшкүл қызымыздың қабылдауында болдым. Көп рахмет! Немеремді жастар практикасында бір-екі айдың көлемінде жұмысқа орналасуға көместесемін деп үміттендіріп отыр. Көп рахмет!»

Ал қала тұрғыны Фарида Бегимованың жағдайы тіпті қиын. Оның айтуынша, ауған соғысына қатысып қайтқан жарымжан ағасының күтушісі де, қамқоршысы да жалғыз өзі. Бір бөлмелді пәтерде алты адам қысылып-қымтырылып күнелтіп жатқанын айтқан келіншек он жылдан бері кезектің жылжитын түрі жоқ дейді. Мүгедек ағасына қарайтын адам болмағандықтан өзі жұмысқа да шыға алмайтынын айтады. Бірақ оған бір тиын да ақы алмайды.

Фарида Бегимова: «Барғанмен, барлық жерде есік жабық. Мен қай жаққа барсам да памперстен басқа ештеңе алмаймын. Үкіметтің беріп жатқан зейнетақысын алып, қолданып жатырмын, басқа ешқайда өтініш жасаған емеспін. Дәл қазір өте мұқтажбыз. Жағдайымыз да мүшкіл, былайша материалдық көмекке де, дәріге де мұқтажбыз.»

Мұқтаж отбасының бір қажеті қоларба болатын. Халық қалаулысы олардың бұл қалауын сол жерде-ақ шешіп берді. Депутат өз есебінен арба сыйға тартты.

Рәшкүл Оспаналиева, ОҚО мәслихатының депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі: «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауына келген азаматтардың көбісі әртүрлі әлеуметтік мәселелермен келді. Сол шағымдарды «Нұр Отан» партиясымен бірлесе отырып, мемлекеттік мекемелермен байланыса отырып шешу жолдарын ұсындық. Мәселе шешіледі деп ойлаймыз. Бұл жағдайларды үнемі бақылауымызда ұстаймыз.»

Айта кетейік, қоғамдық қабылдау бөлмесінің есігін қаққандардың дені баспана алуға жәрдем сұрай келіпті. Коммуналдық мәселесін айтқандары да бар.