Абай ауданында полиция экипажы көбейеді

297
Абай ауданында полиция экипажы көбейеді

Шымкенттегі аудан әкімдерінің халық алдында есеп беру науқаны басталды. Бүгін алғашқылардың бірі болып Абай ауданының әкімі Ахмет Татыбаев аудан халқына бір жылда атқарған жұмыстары жайында баяндама жасады. Дәстүрлі есеп-жиынында жиналған халық әкім мен депутаттың алдында өздерін толғандырған мәселелерін жайып салды.

Абай ауданында полиция экипажы көбейеді

Жарты сағат бойы бір жылда атқарған жұмыстарын сала-салаға бөліп, жіктеп, баяндама жасаған аудан әкімі Ахмет Татыбаевтың жұмысына жақсы деген баға берген көпшілік көкейлеріндегі сауалдарын да жеткізуге тырысып жатты. Көпшіліктің наразылығын тудырып отырған өзекті мәселенің бірі – соңғы кезде жайлап кеткен өзгенің мүлкін ұрлау қылмысы. Әсіресе, жекеменшік үйлерді тонау көбейген. Ұрыларды құрықтауға полицейлер қауқарсыз дейді қала тұрғындары.

Осы мәселеге қатысты қалалық мәслихаттың депутаттары да өз ұсыныстарын ортаға салды. Халық қалаулылары полицейлердің патруль көліктері Шымкенттің тек үлкен көшелерде жүріп, көлік аңдымай, екінші дәрежедегі көшелерде де жүрсе дейді.

Ал полицейлердің өздері көпшіліктің бұл сөзін құптайтынын білдірді. Абай ауданы бойынша бұрын 12 экипаж жұмыс атқарса, енді олардың саны 20-ға жеткізіледі. Тәртіп сақышлары осылай деп уәде берді.

Есептік кездесу барысында әлеуметтік салаларға қатысты да сұрақтар қарша борады. Қала аумағының кеңеюіне байланысты халыққа ауызсу, жарық пен көгілдір отынды жеткізу күн тәртібіндегі бірінші мәселе екенгі бүгін кезекті рет дәлелденді.

Нұрлан Жаңабай