«Билесем, қоларбада отырғанымды ұмытып кетемін»

Ермек Қалымбетов, тағдырдың жазғаны болар, туылғалы арбаға таңылған. Алайда мүмкіндігім шектеулі деп айтуға келмес, шексіз мүмкіндігі мен қабілетін, өмір сүруге деген құлшынысын көріп, таң қалуға болады.

«Бұрын өмірден қатты түңілген кездерім болған. Ештеңеге қызықпай, тіпті жатып алатынмын бүк түсіп. Осы сәтте ата-анам үнемі қолдау білдірумен болатын. Сөйтіп алғаш рет жеңіл атлетикаға бара бастадым. Жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанып жүрдім. Кейін мен одан қашып құтыла алмаймын, мұны мойындауым керек дедім. Бірақ, тек жата бермей, басқа амалын табуым керек, бір нәрсемен айналысуым керегін түсіндім» дейді Ермек.

Сөйтіп, жайлап жеңіл атлетикамен айналыса бастады. Қоларбамен 100-200 метр қашықтыққа жүгіру арқылы талай сында өз бағын сынап көрді. Жеткен жетістігі де жаман болған жоқ. Алайда бұл қалауы емес екенін түсінді. Өзін өзге саладан іздеді.

«Бұрын адасып жүргендей сезінетінмін. Қайад барарымды білмей, ана істің басын бір шаламын, мына істі қолға аламын. Бірі болмай, екіншісі жүзеге аспай, не істерімді білмей басым қататын. Енді, міне, өзімді енді өнерден таптым.»

Осы күнге дейін өз жолымды, іздеумен болдым деген Ермек қалауын биден тапты. Биші боламын деп үш ұйқтаса түсіне кірмеген ол үшін қоларбада отырып, өзін икемге келтіріп, биді кәсіби түрде меңгеру қолжетпес армандай көрінетін. Содан да болар, бір емес бірнеше рет өзін сынап та көрді. Сағы да сынды. Көңілі де қалды. Алайда оның қайтпас қайсарлығы мен жігері, мақсатқа жетем деген алға талпынысы бар қиындықты еңсеруге көмектесті.

«Алғашында дене бітімімді би икемдеріне келтіру қиын болды. Тақтай сияқты, еш икемге келмейтін. Ебедейсіз болатын. Сөйтіп,  жүрген жерімде оларды қайталап жүретін болдым. Тіпті достарымның арасында да құр тұрмай, жаттығуларды қайталап отырамын. Кейін музыкаға дөп түсу де оңай болған жоқ. Алайда барлығын жеңдім» деген кейіпкер ауыр күндердің артта қалғанына шүкіршілік етеді.

Өйткені бүгінде қоларбада отырып-ақ, талай жарыста топ жарып жүр. Бар-жоғы бір жылдың ішінде бірнеше сайысқа қатысып, 2016 жылы Қазақстан чемпионатының жүлдегері атанды. Одан кейін Азияның ашық чемпионатында екінші орынды жеңіп алды. Бұл жеңістер оның қадамын шыңдай түсті, алға қарай талпындырды. Сөйтіп, өткен жылдың соңында Қытайда өткен Азия чемпионатында бас жүлдені қанжығалады.

Ал бұл істе оған көмек қолын созған жанның бірі жаттықтырушысы – Дарья Жұмадилаева. Дарьяның айтуынша, бір жылдан бері облыстық мамандандырылған мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мектепте кәсіби түрде жаттығатын Ермек қиындықтан қашпайды. Керісінше жаңа, қиын қимылдарды үйренгенді жақсы көреді. Сонымен қатар оның серігі бар.

Ол – Айжан Жакулаева. Олар жұп болып, бір жылдан аса уақыт бойы би билейді. Айжан жаңа би қимылдарын үйренгенде бір-бірімізді бірден ұғынамыз дейді. Тіпті ауырып тұрса да, серігінің қапы қалдырған тұсы болмапты.

«Кейде биге берілгенім сонша, қоларбада отырғанымды ұмытып кетемін. Тіпті ұшып жүргедей сезінемін өзімді!»

Ермек, сонымен қатар №8 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында мәдени ұйымдастырушы болып қызмет істейді. Яғни би билеп те, жұмыс атқарып та үлгереді. Ең бастысы өнерді сүю, бір орында тоқтап қалмау керектігін жақсы түсінеді. Тек өзіңе сену керек деп біледі. Сондықтан алға үлкен жоспарлар құрып қойған.