Мақтааралдан Өзбекстанға қатынайтын жол ашылады

304
Мақтааралдан Өзбекстанға қатынайтын жол ашылады

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде Қазақстанның Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев пен Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің айрықша тапсырмалар бойынша елшісі Ильхом Неъматов кездесті. Екі тарап қос мемлекеттің туыстық қарым-қатынасын одан әрі жақсартып, дамыту жайын талқылады. Жиынға Қазақстанның инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр мен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев та қатысты.

Мақтааралдан Өзбекстанға қатынайтын жол ашылады

Өңірімізге арнайы іссапармен келген мәртебелі меймандарға алғысын жеткізген облыс әкімі бүгінгі кездесудің жемісті боларына сенім білдіріп, жұмыс тобына сәттілік тіледі.

Күн тәртібінде Өзбекстанның Мақтаарал ауданының территориясында орналасқан М-39 автожолын қайта жаңартып, пайдалану жайы қаралды, аталған учаскеден өткізу бекетін салу мәселесі сөз болды. Атап айтқанда, бүгінгі күнге дейін 89 шақырым жолды жүріп өтіп, Ташкенттен Самарқанға Жыззақ арқылы айналып өтіп қатынаған тұрғындар енді 24,5 шақырымды басып өтіп, мақсатты мекенге бара алатын болады.

– Көлік жолы қайта жаңарып, пайдалануға берілгенде 65 шақырымдай жол қысқарады. Бұл қос мемлекет халықтарының туыстық қарым-қатынастарын одан әрі нығайтып, арадағы сауда-саттық пен туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Өзбекстан астанасы Ташкент пен Оңтүстік Қазақстан облысының байланысы күшейе түседі деген үміттемін, – деді Қазақстанның Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ерік Мылтықбайұлы.

Елшінің айтуынша, шекаралық аймақта арнайы бекет салынып, тауар айналымына бақылау күшейгенімен, салық салынбайды. Қайта жаңарған жол 2017 жылдың ақпан айында ел игілігіне беріледі деп күтілуде.

Мақтааралдан Өзбекстанға қатынайтын жол ашылады

Түс ауа жұмысшы топ аталған жоба бойынша екі жақты келісімге келіп, арнайы протоколға қол қойды. Қазақстанның инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр мен Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің айрықша тапсырмалар бойынша елшісі Ильхом Неъматов қол қойған құжат халықаралық экономикалық байланысты нығайтып, тауар айналымын жақсартуға сеп болады деген сенім бар.

Мақтааралдан Өзбекстанға қатынайтын жол ашылады

Бұл мәселе бойынша Қазақстан тарапынан жасалған жан-жақты қолдауларға алғысын білдірген өзбек елшісі бұл қадамның көршілес елдердің ынтымақтастығын арттыратын жақсы бастама екенін атап өтті.

Еске сала кетейік, көршілес мемлекеттің Мырзашөл арқылы өтететін М-39 автожолы 2006 жылы жабылып, жергілікті тұрғындардың барыс-келісін қиындаған еді. Енді жаңадан түзілген құжат бұл мәселені оңтайлы шешіп, қарым-қатынасты тереңдетуі тиіс.