Мектеп оқушылары ауыр сөмкеден шаршауда

690

«Бастауыш сыныптың балалары мектеп қабырғасында білім алумен қатар, ауруға да шалдығады. Қауіптің алдын алу үшін мектепке күн сайын баруға мәжбүрміз!» Қаңтардың қара суығында, соңғы 1 айдың ішінде редакциямызға осылай деп арызданып, хабарласқан ата-ана көп.

Айтуларынша, әлі бұғанасы қатпаған оқушылардың мектепке апарар сөмкесінің салмағы ересек адамның өзін шаршатады. Бірақ, сабаққа бармаса, кітап апармасқа тағы болмайды. Перзентінің денсаулығын ойлаған ата-ананың шағымына біз де құлақ түріп, мәселенің мән-жайын анықтап көрдік.

Малика Назарованың күн сайынғы кестесі мектепке келіп-кетуден басталады. Жәй емес, қолына салмағы ауыр, зіл-сөмкелерді көтеру үшін. Қос перзенті қаламыздағы №77 мектептің 1-сынып оқушылары. Ал күніне кемінде 5-6 келіге шақ кітапты көтеру – бүлдіршіндердің саулығына зиян екенін айтып, ашынды ана.

Малика Назарова

Малика Назарова, ата-ана: «Балалардың бел-омыртқасына мұндай салмақты ары-бері көтеріп жүру – өте зиян. Соның салдарынан белі ауырады, тіпті бойлары да өспей жатыр. Кішкентайлар түгілі өзім әрең көтеріп әкелемін сөмкелерін. Бір сөмке емес, бірнешеуін әкелуге тура келеді. Себебі дене шынықтыру киімі бар және 4-5 кітап, оған сол пәндердің дәптерлерін қосыңыз, күнделігі, пластилин, қаламсап секілді керек-жарағы тағы бар. Ал қыс ауасында күртелері, қалпақтарымен қалың киініп алады. Барлығын қосқанда кемінде 8-9 келі болады ғой. Ал есептеңіз, күн сайын осы ауырлықты көтеретін перзенттеріміз ауру болмай, кім ауру болады?!»

Мектептердің алдынан бауыр еті балаларының саулығы үшін ауыр сөмкелерін көтеруге арнайы келіп-кетіп жүрген ата-аналарды көп кезіктірдік. Ал жұмысбасты жандардың перзенттері салмағы ауыр сөмкесін, шама-шарқы жеткенше, өздері ентіге көтеруге мәжбүр.

Алтынбек Манап

Алтынбек Манап, №77 мектептің 2-сынып оқушысы: «Сөмкем өте ауыр. Қазір содан арқам ауырады, сондықтан оның бауын алдыма қаратып алып, көтеріп аламын. Сонда арқам сәл де болса ауырмайды. Әрине, шаршаймын, ішінде 4 кітабым, 5 дәптерім бар. Сыныптастарымның да сөмкесі ауыр ғой».

Ауыр жүктің бала ағзасына тигізер орасан зиянын айтып шырылдаған ата-аналардың күдігін мамандар да жоққа шығарған жоқ. Елімізде бекітілген санитарлық талаптар бойынша оқушылардың күнделікті мектепке көтеріп баратын кітаптарының жалпы салмағы 1-3 сыныптар үшін – 1,5-2 келі, 4-5 сыныптарға – 2-2,5 келі, 6-7 сыныптар үшін – 3-3,5 келі, ал 8-9 сыныптар үшін 4-4,5 келіден аспауы тиіс. Өйтпеген жағдайда артық жүк арқаға батып, бала денсаулығына кері əсерін тигізеді.

– Қазір балалар арасында кең тараған скалиоз дерті бар. Ол омыртқа жотасының қисайып өсуіне, қалыптасуына әкеліп соғады, – дейді тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің бөлім басшысы Меруерт Серікбаева.

Ал мектеп оқушыларының сөмкесінің салмағын қадағалаушы жауапты мекеме – облыстық білім басқармасы басшылығы осынау өзекті мәселе шешілуге таяу деп сендіреді. Басқарма мамандары Қазақстанның білім және ғылым министрлігіне осы проблеманы біржолата жою үшін жаңа тәсіл-жобасын таныстырып жатыр екен.

Раушан Ергашова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары: «Біз өз тарапымыздан мынадай ұсыныстар жасадық: 1) Электронды оқулықтар шығару; 2) Кітаптарды тоқсанға бөліп тастау, мазмұнына қарап, 2-3 рет бөліп оқу; 3) Мектепте бір оқулықты ұстау және де үйде біреуін оқу. Қазір осы жоспар төңірегінде қызу жұмыстар жүріп жатыр. Жуырда қолданысқа енеді деп ойлаймын».

Балаларының болашағына алаңдап, сары уайымға салынған ата-аналар бұл шенеуніктердің кезекті құрғақ уәдесі емес деп сенеді. Түзілген жаңа жобаның жүзеге асуын да асыға күтпек. Айта өтетін ақпар, бүгінде күнгейде барлығы 1021 мектеп болса, онда 611 120 шәкірт білім алады, оның 75 мыңы – 1-сыныптың оқушылары.