You are here
Жаңалықтар 

Оңтүстікте газ-техникалық инспекция құрылады

Оңтүстікте тұрғын үй шаруашылығына қатысты төтенше жағдайлар билік өкілдеріне сабақ болған секілді. Жайсыз жағдайлардың алдын алу үшін жуырда облыста газ-техникалық инспекция құрылатын болды.

Бұл туралы бүгін өткен жылды қорытындылап, есеп берген облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық басқармасының басшысы Марғұлан Марайым мәлімдеді. Жиында жөнделетін үйлер тақырыбы да назардан тыс қалған жоқ.

Басқарма басшысы тұрғын үй-комуналды шаруашылық саласында атқаралған барлық тірлікті байыппен жеткізуде. Айтуынша, өңірде ауызсуға зәру 7 елдімекенге су құбырлары жүргізілген. Одан бөлек 14 елдімекендегі тозығы жеткен ауызсу жүйелері жартылып, су құбыры мүлде жоқ 74 елдімекенге құрылыс жүргізу үшін қаржы бөлініпті.

Өңірде газдандыру жұмыстары да жанданып келеді. Нәтижесінде 25 елдімекен газға қосылып, облыс бойынша 300 елдімекен табиғи отынмен қамтылған. Құрылым басшысы жарықтандыру жұмыстары да кезең-кезеңімен орындалып жатқанына сендірді.

Шымкентте газ балоны жарылысынан болған жағдай да есептік жиында әңгімеге арқау болды. Басқарма басшысы бұл жағдай тұрғын үй-коммуналды шаруашылығына жауапты мамандарға да, баспаналарын жалға беріп, табыс табатындар үшін де сабақ болу тиіс дейді. Оқыс оқиғалардан кейін көптен бері айтылып жүрген газ-техникалық инспекциясын құру жоспары қолға алынатын болды.

Басқарма басшысы биыл облыста 82 көп қабатты үйдің күрделі жөнделетінін жеткізді. Бұл шаруалар үй қорын сақтау мақсатында қолға алынып отырған мемлекеттік бағдарлама аясында жасалатын болады.

Марғұлан Марайым мырзаның айтуынша, бағдарлама аясында 2020 жылға дейін 500 баспана қалпына келтіріледі. Айта кетейік, өңірде 14 көп қабатты үй апатты жағдайда деп танылса, мыңнан астам баспана күрделі, тағы осынша үй ағымдағы жөндеуді қажет етеді.

Тағы да оқитындарыңыз

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz