ОҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы тағайындалды

970
ОҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы тағайындалды

Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы тағайындалды. Облыс әкімінің өкімімен, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің келісімі бойынша бұл лауазымды енді Мұқан Кеңесбекұлы Егізбаев атқарады.

ОҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы тағайындалды
Мұқан Кеңесбекұлы Егізбаев

Жаңа басшыны таныстырған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев біліктілігі жоғары және медицина ғылымдарының докторы Мұқан Кеңесбекұлына алдағы жұмысына сәттілік тілеп, денсаулық сақтау саласының дамуы бойынша бірқатар нақты тапсырмалар ретін міндеттеді.

– Ең бастысы – халыққа медициналық көмектің уақтылы және сапалы көрсетілуін қамтамасыз ету. Ана мен бала өлімін азайту бағытындағы жұмыстарды жетілдіріп, баланың даму деңгейін арттыруды қолға алу керек. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының өңірде сапалы әрі тиісті мерзімінде орындалуы қажет, – деді облыс әкімі.

Мұқан Кеңесбекұлы 1962 жылы туған. Білімі жоғары, мамандығы педиатр-дәрігер, экономист, жоғары санатты денсаулық сақтауды ұйымдастырушы, медицина ғылымдарының докторы.

Еңбек жолын 1987 жылы Шымкент қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігер-ординаторы болып бастаған. 1988-2008 жылдары Шымкент қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі, бас дәрігері, облыстық дерматовенерологиялық диспансердің бас дәрігері, облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері қызметтерін атқарған.

2008 жылғы қыркүйек айынан бастап облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігері болып еңбек етіп келді.