«Оңтүстік Циркке» – 5 жыл

433
«Оңтүстік Цирк»

«Оңтүстік Циркке» – 5 жыл! Мерейтой құрметіне орай өнер ұжымы өз көрермені алдында есеп берді. Жаңа бағдарламасын таныстырды.

Нұрсұлтан Ержанұлы

– Бес жылдан бері мәдени мекемеде қызмет етіп келемін. Әрине, сайқымазақтың кейпіне еніп, балаларды күлкіге көму де оңай емес. Бірақ менің мамандығым – тек әртіс емес, психолог. Және өз саламды жақсы көрем, балаларға деген сүйіспеншілігім менің шеберлігімді шыңдай түседі, – дейді цирк әртісі Ержан Нұрсұлтанұлы.  

Бес жыл! Осынау азды-көпті уақыттың ішінде «Оңтүстік Цирктегі» қойылымдардың саны да бестікті құрады. Басым бөлігі аң-жануарлардың көмегімен жүзеге асып, ұсынылады.

Сондықтан биыл осы мақсатта цирктегі хайуанаттардың саны екі есеге артты. Яғни, қазір 13 аң цирк-өнерінің жасағында жүр. Ал мекеме басшлығының айтуынша, ғажайыптар әлеміне саяхат шектіретін ұжым бүгінге дейін жетістіктерге жетумен қатар, талай соқпақты сәттерді бастан өткерді.

Арман Әлиев, «Оңтүстік Цирк» мекемесінің  директоры: «Кәсіби мамандар мүлдем болған жоқ. Сондықтан, жан-жақтан, ауыл-аудандарды аралап өнерпаздарды табу, оларды осыған машықтау сияқты көптеген қиыншылақтар болды. Аң үйретуші мамандар өте тапшы, тіпті жоқ десем де болады. Бірақ, біз мойымай, әлі күнге жемісті жұмыстарды атқарып келеміз. Ниет болса, мүмкін емес дейтін дүние жоқ. Ал осы 5 жылдың ішінде жетістіктеріміз де жоқ емес, мәселен «Азия жаңғырығы» халықаралық байқауынан күміс жүлдегер атандық, Қытайға барып, бірінші жүлдені жеңіп келдік».

Мерейтойлық мәдени шарада ұжым барынша өнер көрсетті. Жаңа орындалуы күрделі бағдарламасын таныстырды. Оның ішінде акробатика, сайқымазақтар әлемі, су жануарларының би қимылдары бар. Келген көпшілікті әсіресе ергежейлі аттардың мәнерлі шабысы қызықтырды.

Марат Құдайберген, көрермен: «Маған цирк әртістерінің шеберлігі ұнайды. Сондай-ақ, мұндағы аңдар да сөзге түсінеді, ақылды. Болашақта мен де цирк әртісі боламын. Көпшілікті таң қалдыру – арманым».

Айта өтетін ақпар, бүгінде күнгейдегі «Оңтүстік Цирк» мекемесінде 188 адам қызмет етеді. Оның 111-і шығармашылық ұжым.