Оңтүстікте 7000 мал эспортталған

300
Оңтүстікте 7000 мал эспортталған

Облыстың ет экспорттауда әлеуеті зор. Алайда, аусыл аурына байланысты біздің өңірге халықаралық ұйымдар шектеулер қойып отыр. Өңірдің экспорттық әлеуетін баяндаған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбеков осы бағыттағы проблемаларды да атап өтті.

Оңтүстікте 7000 мал эспортталған

Қағаздан бас алмай есеп беретін шенеуніктердей емес, ауқымды агробизнестің бағыттарын алақандағыдай білетінін Серік Тұрбеков мырза тағы да байқатты. Баяндамаға үңілмесе де саннан жаңылған жоқ, тілшілердің кез келген сауалына сартылдатып жауап бергені көңілден шықты. Ал сол сандарды сөйлетсек, өңірде былтыр 1 млн 300 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі шетелге экспортталыпты. Етке 6700 ұсақ мал, 400 ірі қара мал, 200-ге тарта жылқы жөнелтілген. Алайда біздің етке таңдауын жасап отырғандар бұдан да көп. Тек ветеринарлық жағдай экспорт көлемін арттыруға кедергі.

Әдеттегідей, экспорттық тауарлар қатарында бау-бақша өнімдері, көкөніс және жеміс-жидектің үлесі мол. Жергілікті шаруалар былтыр Ресей мен Грузияны айтпағанда, сонау Латвия, Литва, Германия, Эстония секілді бірқатар Европа елдеріне тауар жөнелткен.

Экспорт көлемі бұдан арта түсер ме еді, кім білсін, егер де ерте көктемнен жерге тер төгетін дихан қауымның егістігіне зиянкестер қаптамағанда. Былтыр өңдеу жұмыстарынң жіті жүргізілмеуінен Арыс, Шардара, Сарыағаш, Мақтаарал аудандарында шегіртке қаумалап, шаруалардың берекесін ұшырғаны есте.

Ебін тапса, түйе мен биі сүтінің де экспорттық әлеуеті зор. Алайда, әзірге біз бұл өнімдерді тек бөтелкелеп жөнелтумен шектелудеміз. Дегенмен, Түркістанда осы шаруашылық түрі дамып, түйе сүтін өңдеу арқылы арнайы таблеткалар шығаратын зауыттың іске қосылатын күн жақын.

Айта кетейік, бүгінде күнгей жерінде 21 кәсіпорын шетелге тауар тасымалдауға қауқарлы. Биыл да экспорт бағытын дамытуда қолды байлайтын кей түйткілдер шешілсе, сыртқа шығарылатын агроөнім үлесі молая түспек. Ал шетелге тауар жөнелтетін шаруаларға тиесілі мемлекеттік қолдау мәселесі әлі министрлікте талқыланып жатыр.