//
Сайрам ауданының тұрғыны түйе өсіруде Жаңалықтар 

Сайрам ауданының тұрғыны түйе өсіруде

Cайрам ауданына қарасты Қайнарбұлақ ауылының тұрғыны Марал Досанова түйе өсіріп, қымыран ашытуда. Бұл азаматша 2016 жылдың жазында кәсіпкерлер палатасы жанындағы бизнес мектепте білім алып, кәсіпкерлік негіздерін үйренді, деп хабарлайды облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдері.

Кәсіпкер келіншек алғашында дәл осы кәсіпті қолға алам деп ойламасам да, қазір бастаған ісіме өкінбеймін дейді. Себебі, түйе шаруашылығы облысымызда жиі кездеспейді. Есесіне түйе сүті мен қымыз-қымыранға деген сұраныс өте көп. Бүгінде ауыл тұрғындарының тең жартысы осы кәсіпкердің қымызын ішеді.

Сайрам ауданының тұрғыны түйе өсіруде

– Мал күтімді талап етеді. Таңғы сауып алу, жайылымға шығару және өзге жұмыстары жеткілікті. Баппен бапталған түйе ғана боталайды. Тапсырыс жаман емес. Күніне 10 литр түйе сүті мен қымыз-қымыран сатамыз – дейді кәсіпкер.

Шағын ғана шаруашылықта 12 түйе бар. Бұл іске қаржы көзін «Ырыс» шағын несие ұйымынан тауып, 6 миллион теңге көлемінде несие алған. Облыстық кәсіпкер палатасының Сайрам аудандық филиалының сарапшысы Қайрат Асылболатов кәсіпкер әйелдің жобасын толық сүйемелдеп, мемлекеттік бағдарлама аясында құжаттар жинаудан бастап кәсіпкер аяққа тұрғанға дейін қол ұшын берген.

 – Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласына үнемі көңіл бөлініп келеді. Яғни, бұл салада арнайы бағдарламалар қолға алынып, кәсібін бастаймын деген азаматқа несиелер мен субсидиялар қарастырылған. Мысалы, «Ырыс» ұйымы арқылы берілетін несиенің максималды сомасы – 60 миллион теңге. Мерзімі – 7 жылға дейін, сыйақы үстемесі – субсидиялауды есептегенде, жылына 4% құрайды – дейді Асылболатов Кайрат.

Сайрам ауданының тұрғыны түйе өсіруде

Қазір түйе саны күннен-күнге артып келеді. Олардың барлығына бірдей күтім болу үшін шаруашылықта 3 адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпкер болашақта түйе сүтін өңдейтін цех ашуды да жоспарлап отыр. Оңтүстікте өндірілетін тауар түрін арттырып, қазақ сусынын дамытсам деген кәсіпкердің ойы алдағы уақытта жүзеге асады деп үміттенеміз.

Тағы да оқитындарыңыз

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz