Шымкент халқы уақытша мекенжайы бойынша тіркелуде

260
Шымкент халқы уақытша мекенжайы бойынша тіркелуде

Бұдан былай азаматтар тұрғылықты жерінде тіркеуге тұрмаса, айыппұлға тартылады. Бұл талапты тұрғындар ғана емес, сонымен бірге үйін жалға берушілер де ескеруі тиіс.

Халыққа қызмет көрсету орталығына келген жұртшылық жаңа талапқа сай тіркелу үшін кезекте тұр. Өйткені, елдегі кейбір заңнамалық актілерге экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң негізінде тұратын жері бойынша тіркеуге тұру талабы күшейіп отыр. Тіркеуге тұру мерзімі үш айдан бір айға қысқарды.

Шымкент халқы уақытша мекенжайы бойынша тіркелуде

Тиісінше айыппұл мөлшері де артты. Үйін жалға беріп, табыс табатындар үшін де жаңа міндет пайда болды. Өз тұрғындарын уақытша есепке тұрғызбаған үй иелері 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді.

Ұзын-сонар кезек күтіп, бір күндік уақтын сарп еткен Ғалымжан Асылбеков те әйтеуір шаруасын тындырды. Екі бірдей тұрғынын тіркеуге қойған ол алаңсызбын дейді.

ХҚКО-да электронды үкімет порталы арқылы онлайн тәртіпте тіркелуге де болады. Ол үшін пәтер иесінің келісімі, екі тараптың жеке куәліктері қажет. Сондай-ақ, 226,9 теңге мемлекеттік баж салығын төлегені туралы түбіртек болуы шарт. Ал тіркеуге тұрмағандарға айыппұл 2017 жылғы 7 ақпаннан бастап салына бастайды.