Шымкентте жаңа үйдің қабырғалары жарылуда

596
Шымкентте жаңа үйдің қабырғалары жарылуда

Баспана бас ауруына айналып кетпесін! Шымкенттегі жаңа әкімшілік-іскерлік орталығынан жаңа қоныс алдық деп шаттанған жерлестеріміздің қуаныштары ұзаққа созылмады. Көп қабатты үйдің қолданысқа тапсырылғанына бір жыл болған. Бүгінде үйдегі біраз пәтерлердің қабырғалары сөгіліп, жоғарыдан су сорғалып тұр. Ал құрылысшылар кем-кетікті дереу түзеуге кіріскен.

Шымкентте жаңа үйдің қабырғалары жарылуда

№35 үйдің тұрғындары 9 қабаты үйден 90 түрлі кемшілік табасың дейді тұрғындар. Бірі төбеден сорғалаған судан шаршаса, енді бірі пәтерлеріне кіріп-шығуға қорқады. Өйткені үйдің қабырғалары қарс айрылып, сөгіліп тұр.

Мұндай келеңсіздік бірнеше пәтерде орын алып отыр. Пәтер иелерінің бармаған жері, қақпаған есігі қалмапты. Ақыры тілшілерден көмек сұрады. Осы мәселеге қатысты қалалық құрылыс бөлімінен түсінік беруін сұрағанымыз сол екен, «Шымкент газ монтаж» ЖШС-нің өкілдері тез арада жарылған қабырғаны жамауға кірісіп кетіпті.

Құрылысшылардың айтуынша, қабырғалардың тап осылай жарылуына үй иелерінің өздері кінәлі-міс. Пәтерлер бірнеше ай бос тұрған дейді.

Шымкентте жаңа үйдің қабырғалары жарылуда

Алайда пәтер иелері бұл сөзді құрылысшылардың сылтауы дейді. Жалпы бұл көп қабатты үйдің құрылысы көңілден шықпайтынын арнайы комиссия құрып, егжей-тегжей тексеруді талап етеп отыр. Десе дегендей, бұл үйдің бүгінгі сиқы оның жақында ғана қолданысқа берілгенін байқатпайды. Тек хасбетіндегі «Қоныстарыңыз құтты болсын!» деген жазуға қарап мұнда жақында ғана қоныс тойлары атап өтілгенін байқауға болады.

Нұрлан Жаңабай.