Шымкенттегі мәдени ошақтарда жылу жоқ

395
Ж.Шанин театрының сахнасы

Күнгейге қараша айынан қара суық түскелі, мәдениет мекемелерінің мазасы қашқан. Ал театрлар қойылым ұсынбақ түгілі, өз көрерменімен қауышуды қойды. Бұған себеп – мәдениет ошақтарындағы мардымсыз жылу жүйесі мен мұз қатқан батареялар өнердің өресін дамытуға мұрша бермейді. Суықтан саулығымыз сыр берді деп, хабарласқан өнер адамдарының шағымына біз де құлақ түріп, бірқатар мәдениет нысандарын аралап қайтқан болатынбыз.

Ж.Шанин театрының сахнасы
Театр ұжымы

Күнгейдің бас театры – Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында әзірге мүлгіген тыныштық. Осыдан 3 ай бұрын «Беу, қыздар-ай» атты спектакльді сахналаған ұжым қазір оны қайта қоюға дауаламай отыр. Суық залдан саулығы сыр берген әртістер премьералық қойылымның өзіне аядай ғана бөлмеде дайындалуға мәжбүр. Жаңа спектакльді енді қыс ауасында емес, көктемде көрерменге ұсынбақ.

Дүйсебек Аралбаев, Ж. Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының әртісі: «Театрымыз өте салқын, суық, әртістерге еш жағдай жасалмаған. Дайындық кезінде барлығымыз қалың киініп, оранып жүреміз.»

500 орынға шақталған жаңа ғимараттың кілті ұжымға осыдан 2 жыл бұрын, қараша айында табысталған еді. Театр әртістерінің сөзіне сенсек, сол уақыттан бері мекемеде мардымды жылу жүйесі болмаған.

Сая Қасымбек

Сая Қасымбек, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының бөлім меңгерушісі: «Көрермендерімізбен қауышпай жатқанымыздың тағы бір себебі бар, ол – мынау біздегі жылу мәселесінің шешілмеуі. Талай рет жоғары жаққа айтылды. Қазіргі, тіпті бұрынғы басшымыз Қалтөре Жұмақұловтың өзі осы мәселемен бас қатырып, шайқасты ғой. Күрес әлі де жалғасып жатыр. Негізі, мұның барлығы жоспарлау кезінде жіберілген олқылықтар, бұл бір бізде емес, қыстың күні облысымыздағы барлық театрда болатын үлкен мәселе».

Жуырда 5 жылдық мерейтойын дүркіретіп тойлаған өнер ошағының жағдайы да мәз емес. Мұны «Оңтүстік цирктің» мерекелік кешіне келген көпшіліктің  отырысынан-ақ байқауға болады. Қолдарында – қолғап, үстерінде – қалың тон. Тіпті мәдениет басқармасының басшылығы да қалың киімдерін шешпей отырды. Ал өнер ошағының тұрақты көрермендері жылудың жәйін жасырмай жайып салды.

цирк көрермендері

 

Мұхит Оралхан, көрермен: «Жаураған соң қалпағымды да киіп алдым. Мен ғана емес, достарым, менімен келген әпкелерім де тоңып отыр. Қойылым қызық қой, бірақ жаураған соң басым ауыруда.»

Марина Николаевна, көрермен: «Әрине, цирктің іші жылы болса балаларымыздың денсаулығына еш алаңдамас едік. Әрдайым келген сайын осы проблеманы көтереміз. Басшысына да айтып кетеміз. Әзірге еш өзгеріс байқағаным жоқ».

Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның да жылу батареялары мұздай. Қыстың қара суығында нысанның қабырғалары суи түсетіні тағы бар. Сондықтан болар, мәдениет мекемесіндегі концертке келген көрермен қалың киініп, мәдениетсіздік танытуға мәжбүр. Ел аумағындағы жалғыз және бірегей мәдениет ошағы – облыстық әзіл-сықақ және сатира театрының ұжымы қазір көпті күлкіге көмуге дәрменсіз. Мұндағы залдың тас-суықтығын қоспағанның өзінде, зал талапқа сай келмейді, сахнасының қос құлақ-қалташасы да жоқ. Салдарынан сахнаға шығатын әртістер кезекті қыстың қара суығында тыста күтіп, өнер көрсетеді.

Ал мәдениет басқармасының басшылығы бұл мәселемен етене таныспыз дейді. Айтуларынша, қызметін бастағанына 9 жыл толған сатира театрының ғимараты әу баста кинотеатрға арналып соғылған. Ал жаңа ғимараттың ауылы әлі алыста.

 

Нұрболат Ахметжан

 

– Жер сатып алу керек. Оған лайықты жер ізделініп жатыр. Сол жерге құрылыс жүріп, театр бой көтереді дегенше әлі 2-3 жылдай уақыт кетіп қалады. Театр ұжымы сәл күтуі керек, енді, – дейді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжан.

Мәдениет мекемелеріндегі жылудың жайы да күннің басты назарында дейді басқарма басшысы. Бұл үшін тиісті жерлерге де талап-арыздар жазылған екен.

Нұрболат Ахметжан, облыстық мәдениет басқармасының басшысы: «Бұл жөнінде арнайы жұмыс жүргізіп жатырмыз. Өз тарапымыздан жазатын жерге жазып, баратын жерге барып, тиісті жылу беруші мекемелер арқылы тапсырма берген мердігер компанияларды анықтауға кірістік. Күрделі жөндеу жүргізген, құрылысты салған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер анықталып, мәселе сотқа дейін жетуде. Ендігі жылы қайтадан соның барлығын жөндетіп, келесі жылға толық дайындау жұмыстары атқарылып жатыр».

Ауыз толтыра айтатын театрларымыздың қысқы сиқы – осы. Онсыз да көрерменді тарту проблемасы шешілмеген өнер ошақтарының жылу жүйесін ретке келтіру басқа күрделіліктердің көлеңкесінде қалып қойған. Тозығы жеткені де, күні кеше салынғандары да бірдей жағдайда…