Универсиадаға қатысатын Оңтүстіктің 5 спортшысы АҚШ-та дайындалуда

Алматыда өтетін бүкіләлемдік 28 қысқы Универсиада ойындарының басталуына санаулы күндер қалды. Әлемнің 55 елінен жиналатын 2000-нан аса кіл мықтылардың арасында оза шауып, бәйге алу оңайға соқпасы анық. Дегенмен ел намысы сынға түсетін байрақты бәсекеге спортшыларымыз дайындықты күшейте түскен. Айтулы додада Оңтүстіктің намысын 5 бірдей спортшы қорғайды. Олардың барлығы трамплиннен биіктікке секіретін фристаилшылар.

Нақты айтқанда – Жанбота Алдабергенова, Жібек Арапбаева, Ақмаржан Қалмұрзаева мен Дархан Мұхамеджанов және Бағлан Іңкәрбек. Спортшылармен сапал алдында тілдесіп, дайындықтары туралы білдік.

Спортшылар уақытының денін бүгінде жаттығу залдарында өткізеді. Тіпті туған-туыс пен ата-ананы сирек көреміз дейді. Өйткені үнемі өзге елде жаттығу-жиныдарда жүреді. Күні кеше ғана Финляндияда 1 айға жуық уақыт болып, желтоқсан айында Қытайда өткен әлем кубогына қатысып қайтты.

Үміт артқан спортшылардың бірі – Жанбота Алдабергенова. Фристаил-акробатикадан ең ірі жеңіске жеткен тұңғыш қазақ қызы үшін Универсиада алғашқы сайыс емес. Еуропа кубогының чемпионы, Сочи олимпиадасының 6-орын иегері тек өз елімде өтетін жарыстың жауапкершілігі үлкен дейді.

Жанбота Алдабергенова

Жанбота Алдабергенова: «Дайындықты барынша күшейттік. Өйткені жарыстың басталуына санаулы күндер ғана қалды. Сондықтан барымызды салуға талпынып жатырмыз. Аздап қорқыныш та жоқ емес. Дегенмен, бізге бүкіл туыстарымыз, ата-аналарымыз, Қазақстан халқы сенім артып отыр. Жүлдеден көрінуге тырысамыз. Сенімді ақтаймыз деген үміттемін».

Ақмаржан Қалмұрзаева үшін де Универсиадада өнер көрсету оңай болмасы анық. Өйткені өткен жылы Украинада болған Әлем кубогы кезінде трамплиннен құлап, жарақат алған болатын. Енді денсаулығы жақсарып, дайындығын күшейтіп, додалы жарыста бағын сынауға бекініп отыр.

Ақмаржан Қалмұрзаева

Қазақ топырағында елдің абыройын көтеруді мақсат тұтқан тағы бір спортшы – Бағлан Іңкәрбек. Өзгелерге қарағанда тәжірибесі мол. Сондықтан болар, өзге спортшыларға үнемі қолдау білдіріп, қолдан келгенше көмегін аяған емес. Айтулы додада бір бірімізге демеу болу маңызды деп есептейді. Өйткені бір салада жүрген соң, спортшының жай-күйін тек спортшы ғана түсінеді деп біледі.

Бағлан Іңкәрбек

Аталған спортшылар тек күнгейдің ғана емес, бүкіл Қазақстан халқының намысын қорғайды. Өйткені Универсиадада фристаил спорт түрінен өзге елден келетін кіл мықтылармын бірге сынға түсетін жалғыз команда. Сондықтан жарыс басталғанға дейін Америка құрлығына барып, әлем кубогына қатысады. Оқу-жиындарға қатысады. Дайындықтарын пысықтайды.