You are here
Универсиада алауы - Оңтүстік Қазақстанда Спорт 

Универсиада алауы — Оңтүстік Қазақстанда

Бүгін оңтүстікқазақстандықтар бүкіл әлемдік қысқы 28-ші Универсиада алауы эстафетасын қабылдады. Шымкент қаласының Әл Фараби алаңында алау эстафетасының салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев барша жұртшылық пен спортсүйер қауымды тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет өтіп жатқан дүниежүзілік қысқы студенттер ойынымен және алау эстафетасының келуімен құттықтады.

Универсиада алауы - Оңтүстік Қазақстанда

— Бізге ең ауқымды халықаралық спорт оқиғаларының бірі – қысқы Универсиаданың белсенді қатысушылары болу бақыты бұйырды. Өз егемендігінің 25 жылында әлем таңданатын елге айналу Елбасының ерен еңбегі екені анық. Тұңғыш Президентіміз Қазақ мемлекетін халықаралық қауымдастықтың алдында сенімді серік, айнымас әріптеске айналдыра білді, — деді әкім.

Универсиада алауы - Оңтүстік Қазақстанда

Еліміздің намысын қорғайтын спортшылардың ішінде оңтүстікқазақстандық 5 спортшы бар. Олар — фристайлшы Алдабергенова Жанбота, Арапбаева Жібек, Қалмұрзаева Ақмаржан, Іңкәрбек Бағлан, Мұхамеджанов Дархан. «Жерлестерімізге барлығымыз қолдау білдіре отырып, сәттілік, ал қала тұрғындары мен қонақтарына қызықты спорттық мереке тілейміз» деді алауға қатысушылар.

Универсиада алауы - Оңтүстік Қазақстанда

Универсиада алауын облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жағып, біршама жер алып жүрген соң Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, «Құрмет» орденінің иегері Әлия Юсуповаға табыстады.

Универсиада алауы - Оңтүстік Қазақстанда

Жалпы, универсиада алауын әлемге белгілі спортшыларымыз бен 12 жоғарғы оқу орнының студенттерінен құралған 60 алаугер Шымкент қаласының басты көшелерімен, 12 шақырым жолда алып жүрді. Екі кезеңнен өтетін эстафета Наурыз алаңында мәреге жетті. Эстафетаны тамашалауға 6 мыңға жуық адам жиналды.

Универсиада алауы - Оңтүстік Қазақстанда

Алаугерлердің қатарында ауыр атлетикадан Қазақстанның еңбегі сіңген спорт шебері, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, «Құрмет» орденінің иегері Жазира Жаппарқұл, көркем гимнастикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, бірнеше халықаралық жарыстардың жеңімпазы, Рио Олимпиадасының ең жас қатысушысы Сәбина Әшірбаева, каратэ-додан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, 2016 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы Қайсар Алпысбай, бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, 2014 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы Шалқар Айхымбай, кикбоксингтен Қазақстанның спорт шебері, әлемнің 2 дүркін чемпионы Асли Азизова сынды үздіктер бар.

Сонымен бірге әлемге белгілі спортшыларымыз, Қазақстанның еңбегі сіңген спорт шеберлері Мұхтархан Ділдәбеков, Мырзағали Айтжанов, Әлия Юсупова, Андрей Макаров, Біржан Жақыпов, Мұратбек Қыпшақбаев пен «Отырар» медиахолдинігінің спорт редакциясының редакторы Сарбиназ Алдабергенова да алаугерлердің қатарында.

Алаугерлермен бірге бүгінде жасы 80-нен асқан спорт ардагері, КСРО-ның спорт шебері, Қазақстанның еңбегі сіңген жаттықтырушысы, Қазақстанның балалар футбол қауымдастығының құрметті төрағасы, облыстың құрметті азаматы Махамбет Баймырзаұлы Сапарбаев та жүрді.

Еске салайық, XXVIII бүкіләлемдік қысқы студенттік ойындар 2017 жылдың 29 қаңтары мен 8 ақпаны аралығында Алматы қаласында өтеді. Аталған жарысқа 50 елден 5000-нан астам студенттер қатысады деп күтілуде.

Универсиада Қазақстан Республикасының ұлттық жобасы және еліміздің 25 жылдық тарихындағы ең ірі мультиспорттық іс-шара болып табылады. Еліміздің спортшылары Универсиадаға спорттың 13 түрінен қатысады.

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz