Жұмат Шанин театрына көркемдік жетекші келді

615
Асқар Алтынбеков

«Қара шаңыраққа» көркемдік жетекші келді. Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында режиссерлік қызметті жыл басынан Асқар Алтынбеков атқарып жатыр. Бұған дейін Станиславский атындағы Қарағанды драма театры, Көкшетау драма театры мен Елордамыздағы бірегей мәдениет ошақтарында көркемдік жетекшілік еткен маман күнгейдің бас театрында да қол қусырып отырған жоқ. Бір жетіден бері жаңа премьераны сахналау үшін қызу дайындыққа кіріскен.

Асқар Алтынбеков

 

Әртістер қазақтың ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін салушы Жұмат Шанинның 125 жылдығы құрметіне орай драмтургтың қаламынан шыққан «Арқалық батыр» қойылымын көпке ұсынбақ. Әзірге «мәтін мәнері» сағаттары қолға алынған. Айта өтетін ақпар, бүгінде 83 жылдық тарихы бар театрда 146 адам қызмет етеді. Оның 46-сы – шығармашылық ұжым.

Сая Қасымбек, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының бөлім басшысы: «Режиссермен жаңа жоспар, жұмысты бастап кеттік. Қазір айтсам, тосынсый болмай қалады. Бірақ шет-жағасына ойыса кетейін – «Арқалық батыр» қойылымы ескінің желісі емес, жаңаша бағыт, бүгінгі дәуірмен ұштасып, мүлде басқаша ұсынылады. Премьера осы жылдың наурыз айына деп бекітіліп отыр. Ендеше, жұртшылықпен жаңа қойылымда жүздескенше асықпыз дегім келеді».