«Өлтірмеді, қорғанды»

232

Азаматтық некедегі күйеуін өлтіргені үшін 8 жылға сотталған Балдықыз Аманбаеваның анасы Сафура Аманбаева редакцияға әділдік іздеп келді. Айтуынша, қызы Болдықыз Аманбаева күйеуі Ақылбек Акимовты қасақана өлтірмеген, тек қана өзін-өзі қорғаған. Қорғану барысында пышақ ұстаған Ақылбек Акимов абайсызда етпенінен құлап, қолындағы пышағы кеу-де тұсына қадалып, содан көз жұмған. «Оқиға орнында болдым, бәрін өз көзіммен көрдім» деген ана қызының кінәсіздігін осылайша дәлелдегісі келеді. «Адам өзін-өзі қорғану барысында болған іс үшін 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасына әділетсіз кесіліп отыр, ол өз өмірін қорғады, ешқандай да әдейі өлтірген жоқ» деп айтады Сафура ана. Сонымен өткен жаздың шіліңгір шілдесінде болған кісі өлімі оқиғасының мән-жайын СафураАманбаеваның айтуынан тарқатып көрелік…

Болдықыз Аманбаева – отбасының кенже қызы. Өзбекстанның Ташкент облысына қарасты Янгиюль ауылында туып-өскен. Марқұм күйеуі Аманбек те сол өңірдің тумасы. Екеуі 2005 жылдың қысында танысып, шаңырақ көтереді. Бір жылдан кейін балалы болады. Үш жыл өткен соң тарихи отаны Қазақстанға қоныс аударған олар осындағы Ордабасы ауданының Ақбұлақ ауылынан жер алып, үй салып, күн кешеді.

– Күйеубалам өте қызғаншақ болатын. Қызымнан 18 жас үлкен еді. Еш себепсіз қызғанатын. Ішіп алғанында үнемі ұрып-соғып, көкала қойдай етіп сабайтын. Қызым күйеуінің бар төмпештеуіне шыдады. «Ажырасамын» десе күйеуі «ажырассаң, өлтіремін» деп қорқытатын. Екеуінің де тұрақты жұмысы жоқ. Тек үй алдындағы кішігірім жерге қияр-қызанақ, тағы да басқа көкөніс егіп, соны базарға шығарып сататын. Жаз бойы тапқан пайдасын қыс бойына жеп тауысып, көктемде қайта егістікке кірісетін,- дейді Сафура Аманбаева.

Кісі өлімі 2016 жылдың 27 шілдесінде болады. Куәлердің сөзінше, сол күні Болдықыз бен Ақылбек егістікте ерегісіп қалады. Егістік жерде әйеліне қол жұмсаған күйеуі баласына ақша беріп, дүкеннен арақ алдырады. Арақ ішіп, үйде демалып жатады. Содан кейін үй ішінде ерлі-зайыптылар арасында тағы да жанжал шығады. Болдықыз анасы Сафураны шақыртады. Анасы үйге келіп, екеуіне басу айтады. Ақылбекті «қызымнан ажыратамын» деп айтқанында, күйеубаласы қолына пышақ алып, Болдықызға ұмтылады.

Болдықыз Ақылбектің қолынан пышақы алмақ болып, білезігінен ұстайды. Аяғы көрпешеге сүрініп кетіп, еден үстіне етпетінен құлайды. Сол кезде Ақылбек те қосыла құлайды. Құлаған кезде пышақтың Ақылбектің денесіне кіріп кеткенін көрген Болдықыз пышақты суырып алып, көшеге лақтырады. Пышақты суырған кезде орнынан қан атқылайды.

Жедел жәрдем шақыруды өтінген Ақылбек орнынан тұрып, есікке қарай бірнеше қадам аттап, сосын отырып, бір жанына қисайып, дәрігерлер келгенше үзіліп кетеді.

Сол сәттен бастап Болдықыз бен оқиға орнында болған куәлердің бәрінен, көрші-қолаңнан сұрау алынып, сот тергеуі өтіп, 30 қыркүйекте Болдықыз Аманбаева қамауға алынады.

2017 жылдың 17 қаңтарында сот үкімі шығып, Болдықыз Аманбаева судья Д. Мадалиевтің төрағалық етуімен ҚР Қылмыстық кодексінің 99 бабы 1 бөлігі бойынша кінәлі деп табылып, 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейтін болып белгіленді.

Содан бері қорғаушы тарап бұл істі ҚР ҚК-нің 32-бабына, яғни қажетті қорғаныс жағдайына ауыстыруды сұрайды.

Сафура Аманбаева, сотталушы-ның анасы:

– Қызым-ның жазығы жоқ. Мен бәрін өз көзіммен көрдім. Бірақ, сот менің сөзімді ескермей, жазаға кесті. Қызым пышақты әдейі сұғып алған жоқ. «Қорғанамын» дегенінде екеуі де құлап, астында қалған пышақ кіріп кетті. Ол қорғанды. Мен енді әділдік іздеп жоғары сотқа дейін барамын. Қызым нақақтан нақақ жазаға кесіліп барады. Заң органдарынан жәрдем сұраймын. Қызым 8 жыл жаза алатын жағдайда емес.

Сафура Аманбаеваның сөзінше, сот куәлердің сөзін ескермей, қорғау жақтың уәждерін негізсіз деп танып отыр. Оқиға орнында Болдықыз бен Ақылбектің кәмелет жасына толмаған балалары да болған. Олар да өз куә сөздерінде анасына пышақ ала жүгірген әкесі бірге құлап, құлаған кезде пышақ кіріп кеткенін айтады.

Ал, жәбірленуші тарап тергеу қорытындысына разы емес. Олар оқиға барысында басқа да қатысушылардың болғанын, олардың жазаға тартылмай отырғанын айтады.

Алтынбек Аким, жәбірленушінің өкілі:

– Бұл өте ауыр қылмыстық іс. Бірнеше топ мүшелері жағынан орындалған. Ақырында жәбірленуші көз жұмды. Жәбірленушіге уақытылы медициналық жәрдем көрсетілмеген. Ол қан жоғалтқаннан өлді.

Сот үкімі шыққаннан кейін сотталушының анасы мен қорғаушысы облыстық қылмыстық істер жөніндегі аппеляциялық сот алқасына шағым түсіріпті.

Жәнібек НҰРЫШ

«Оңтүстік Рабат» газеті,

№5, 01.02.2017