//
Ата-аналар комитеті оқушылардың смартфон қолдануына қарсы Жаңалықтар 

Ата-аналар комитеті оқушылардың смартфон қолдануына қарсы

Таяуда Шымкент қалалық білім бөлімінде қала аумағындағы мектептердегі ата-аналар комитеттерінің, қалалық білім бөлімі, прокуратура органдары, ардагерлер кеңесінің және облыстық ата-аналар комитетінің өкілдерінің жиналысы өткен болатын. Басқосуда жасөспірімдер арасында жалпы білім беру мекемелеріндегі тәрбие процессінің, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықты және аутодеструктивті мінез-құлықты алдын алу сұрақтары талқыланды.

Жиналғандардың айтуынша, қазіргі таңда Шымкент қаласының барлық мектептерінде оқушыларға смартфондар қолдануға тыйым салынған. Алайда мектептен тыс уақытта мұндай құралдарды қолдануға шектеу қою сұрақтары назардан тыс қалуда.

Осыған орай ата-аналар комитеттері тарапынан арнайы үндеу қабылданды:

“Құрметті ата-аналар! Ұрпақ тәрбиесінде ұлттық құндылықтарды ұстанатын аталар мен әжелер! Бала тәрбиесінде заманауи тәрбиеге басымдық беретін әкелер мен аналар!

Әр адам – өз заманының баласы. Бүгінгі ұрпақтың тағдыр-талайы өркениеттің дамыған кезеңіне тұспа-тұс келіп отыр. Бұл қай салада болмасын, адамға қажеттіліктің бәріне қол жетімділікті қамтамасыз етуде. Бұл бір жағынан жақсы болса, екінші жағынан, ұрпақ тәрбиесінде өз зардабын тигізбей отырған жоқ.

Бұған дәлел – заманауи үрдіске ілесеміз деп, бала тәрбиесінде ұлттық құндылықтардан алыстап бара жатқанымыз. Яғни халқымыздың біртуар перзенті Бауыржан Момышұлы айтқандай, бесік жырын айтпайтын аналар, ертегі айта білмейтін әжелер, шежіре шертпейтін аталар көбейді.

Санада материалдық құндылықтарға басымдық берілу салдарынан рухани құндылықтардан ажырап, бала тәрбиесінде орны толмас олқылықтарға жол беріліп жатыр. Заман түзеліп, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарды. Бұл қуанарлық құбылыс болғанымен, осының екінші жағы бала тәрбиесіне кері әсерін тигізуде.

Жасөспірімдер өздерінің туған күнін немесе басқа да айтулы мерекелерін қымбат мейрамханалар мен кафелерде немесе ойын-сауық орталықтарында тойлауды үрдіске айналдырған. Сондай кездерде қымбат көліктер жалдап, сейіл-серуендер ұйымдастырып, заңдылықтарға қайшы әрекеттер жасауда.

Баланың қолында жүз мыңдаған теңгенің смартфондары жүр. Олардан шектеусіз келіп жатқан ақпараттарды әлі оң-солын танымайтын жеткіншек талғаусыз пайдалануда және оны шынайы қабылдап, оның ақыры ұрпақтың азғындауына,тіпті, өлімге алып келіп соғуда. Қауіпті сайттарға кіріп кеткен жасөспірім түнде ұйықтамайды, сабақта салғырт отырады, психикасы бұзылып, өз әрекетіне саналы түрде жауап беру қабілетінен айырылуда.

Ата-аналар тарапынан бала тәрбиесіне өз деңгейінде мән берілмей, тәулік бойғы іс-әрекеттеріне көңіл бөлінбеудің салдарынан жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен теріс әрекеттер саны артып келеді.
Балалардың толассыз ақпараттар ағымын талғаусыз, талғамсыз өз бетінше пайдаланудың зардаптары көрініс беруде. Мысалы, қоғамды шулатып жатқан «Тихий дом», «Синий кит» т.б. сияқты ойындар.

Кешегі ұстазын ұлықтаған ұрпақтың бүгінде ұсақталып кетуі, түрлі жала жауып, қол жұмсауы, сотқа сүйреуі секілді тарихта болмаған жағымсыз әрекеттер де қоғамдағы ұрпақ тәрбиесіне кері әсер етуде.

Жарқын болашағымыздың тұтқасы бала тәрбиесіндегі басты тұлға ата-аналарға үндеу жолдаймыз:

– Ұрпағымыз саналы, қызымыз ұятты,ұлымыз ұлықты болсын десек, кешегі Абайдай, Шоқандай, Мұхтардай, Тұрардай тұлғаларды тәрбиелеп шығарған ұлттық құндылықтарды басшылыққа алайық;

– Егер ұрпақ болашағына алаңдасақ,баламыздың қолына қымбат смартфон ұстауына тыйым салайық. Үйдегі әлеуметтік желіде қашан, қандай байланыста отырып, нендей мәлімет алып жатқанын қатаң қадағалайық. Байланыста болғымыз келсе, бала қолына жай телефон ұстатайық;

– Балаларымызды жан-жақты дамыту үшін түрлі спорт, өнер т.б. үйірмелеріне баруын және ондағы жолдастарының кім екенін үнемі назарда ұстайық;

– Бала деген жас өскін – талшыбық. Қалай тәрбиелесек, солай өседі. Сондықтан балалардың жанында көп болып, жан дүниесіне үңілейік, сырлас дос бола білейік;

– Жақсы оқушы дегеніміз – жауапкершілікті білетін бала. Ендеше балалардың үлгерімін үнемі назарда ұстайық. Мектеппен, ұстаздармен үздіксіз байланыста болайық. Тәрбиеден кеткен қателікті мектептен ғана іздемей, білім мен тәрбие беріп келе жатқан ұстазды ұлықтауды үйретейік;

– Бала тәрбиесіндегі басты жауапкершілік, ата – аналар, өзімізде екенін үнемі есте ұстайық!

Тағы да оқитындарыңыз

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz