Инклюзивті білім беруді барынша қолдау

848

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен өткен кезекті селекторлық жиында өңірдегі мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау жөніндегі мәселе талқыланды. Өңір басшысы инклюзивті білім беруді күшейту мәселесіне ерекше тоқталды. Атқарылып жатқан жұмыстарды одан әрі жетілдіру үшін бірқатар тапсырмалар жүктеп, оны облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібековке қатаң қадағалауды тапсырды. Демек алдағы уақытта осы саладағы шешімін күткен бірқатар мәселелердің түйіні тарқатылмақ. 

Осыдан үш жыл бұрын облысымызда инклюзивті білім беру жүйесі бойынша жағдай мәз емес еді. Денсаулығында кінәраты бар балаларды жалпы орта мектептерде оқыту жүйесінің қолға алынғаны бертінде ғана, яғни 2011 жылдан басталды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жағдай алқамшүкір дегізерлік жағдайға жетті. Тағдырынан теперіш көрген балалар өздерін қоғамның толыққанды мүшесі сезінуі үшін мүмкіндігінше жағдай жасалуда. Облыс орталығындағы мектептерде тілінде мүкістігі бар және жүріп-тұруы қиын оқушыларға дәріс беретін білім ордалары көп емес.

Бүгінде Мағжан Жұмабаев атындағы №39 мектеп пен №18 жалпы орта мектептерінде мүмкіндігі шектеулі балаларға инклюзивті білім беруде арнайы оқу бағдарламасы шегінде оқытылады. Оқу жүктемесіне келсек, әр баланың мүмкіндігіне қарай оқыту белгіленеді. Олар 5 бағыт бойынша тәлім алады. Тіл мүкістігі, психикалық ой өрісі кеш дамыған және жүріп тұруы қиын балалар болып үш топқа бөлінеді. Ерекше топтағы балаларды оқыту методикасы бөлек. Қабылдау деңгейі төмен болғандықтан әр баламен жеке-жеке жұмыс жүргізіледі. Білім саласының бишігін ұстаған мамандар бүгінде инклюзивті білім беру жүйесін дамыту мүмкіндіктерін қарастырып жатыр.
Қаладағы №40 мектепте логопед кабинеттері бар. Сонда аптасына екі рет оқытылады. Ал №18 жалпы орта мектебінде инклюзивті білім беретін арнайы сыныптар жабдықталған. Мүмкіндігі шектеулі балалар осы сыныптарда білім алады. Мектеп алдында пандустар орнатылған. Арнайы құрал жабдықтар алынған. Тіпті арнайы жабдықталған әжетхана да бар.

Сәуле Мамытбаева, №36 жалпы орта мектебінің директоры:
– Мектебімізде осы бағытта білім алатын 6 оқушы бар. Олар құлағы нашар еститін, тіл мүкістігі бар балалар. Ал 6 бала үйде оқытылады. Даун ауруымен ауыратын бір оқушыны мұғалімдеріміз арнайы үйіне барып оқытады. Әрине мұндай диагнозды балаларға білім беру оңай емес. Қолдан келгенше жазу, сызуды үйретеді. Оларды көмекші бағдарламалар бойынша, психологиялық тренинг ретінде оқытады.

Гүлжан ЖҰМАШ

«Оңтүстік Рабат» газеті,

№5, 01.02.2017