Кеңес әскерінің ауған жерінен қайтқанына – 28 жыл

1183
Кеңес әскерінің ауған жерінен қайтқанына - 28 жыл

15 ақпан күні Кеңес одағы әскерінің ауған жерінен шығарылғанына 28 жыл толды. Осы күні ауған соғысына қатысқан жауынгерлер Абай саябағына жиналып, майдан даласында қаза тапқан қаруластарын еске алды. Мүмкіндікті пайдаланып, әлі күнге үкімет тарапынан елеусіз қалып келе жатқандарын айтып, ұмытылғандарын жеткізді. Араларында ауған соғысына аттанып, іс-түссіз жоғалған баласы туралы хабар күткен ана да бар.

«Ананы баладан, баланы анадан айыра көрмесін. Әр уақытта бейбітшілік, тыныштық болсын!»

1981 жылдың қарашасында 18 жасар Талғатын ауған соғысына аттандырып, бір жылдан кейін іс-түссіз жоғалғаны туралы хат алған Сырғаш ананың перзенті туралы хабар күткеніне 35 жылдан асты. Төлендиев Талғат деген аты-жөні жазылған ескерткіш тақтаға әрдайым келетін ананың әлі күнге басында баспанасы да жоқ.

Сырғаш Төлендиева, іс-түссіз жоғалған жауынгердің анасы: «Берсе берер, бермесе қояр – олар неге маған бір үй беруге жарамайды…»

Айтса-айтқандай, жылдан-жылға қатары сиреп бара жатқан ауған жауынгерлерінің бірқатары әлі күнге баспанасыз, жұмыссыз жүр. Денсаулығына қажетті қарапайым күтім алуының өзі мұң. Емдік-сауықтыру орындарына берілетін жолдаманың саны тіпті аз.

Махмуд Рысбаев, ауған соғысының қатысушысы: «2000 адамға жылына 2-3 жолдама – аз.»

Ауған соғысы біткенімен, проблема біткен жоқ. Бар мәселені шешу үшін «Ардагерлер туралы» заңды жаңарту керек дейді ардагерлер.

Шәріпбай Өтегенов, ҚР ауған және аймақтық соғыс ардагерлері одағының төрағасы: «Бізге қатты керек болып жатқаны ардагерлер заңы. Заң шыққан, бірақ ол біздің заманымызға сәйкес келмейді.»

Бұл күні ардагерлер Кеңес әскерінің ауған жерінен шығарылған датасына орай Абай саябағына жиналды. Ел ағалары боздақтарға Құран бағыштап, ескерткіш-тақтаға гүл шоқтарын қойды.

Еске салсақ, 1979-89 жылдар аралығында Ауғанстанға 22 мыңдай қазақстандық аттанса, оның 2300-і Оңтүстіктен шыққан. Жерлестеріміздің 94-і майдан даласында қаза тапса, тағы екеуі іс-түссіз жоғалған. Қазіргі таңда өңірімзде 1700 ауған соғысының ардагері ғұмыр кешіп жатыр.

Жәнібек Нұрыш