Кентаудағы күрделі жөнделген №22 мектеп-гимназияға қосымша ғимарат қажет

612
Кентаудағы күрделі жөнделген №22 мектеп-гимназияға қосымша ғимарат қажет

Кентау қаласындағы М.Әуезов атындағы №22 мектеп-гимназияның ғимараты өткен ғасырдың 60-жылдары пайдалануға берілген.  Жарты ғасыр өткенде күрделі жөндеуден өтті. Құрылыс барысында мектептің шатыры, едені және қабырғалары,  электр жүйесі толық жаңаланды. Жобалық-сметалық құжатта қарастырылған хасбетті қаптаудың орнына мектеп басшылығы тозығы жеткен су мен кәріз жүйесін алмастыруды жөн көріпті.

Кентаудағы күрделі жөнделген №22 мектеп-гимназияға қосымша ғимарат қажет

Жанаткүл Тоққулиева, №22 мектеп гимназия директорының шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары: «Элеватор қабылдау бөлмесінде, жүйелер жертөледе болатын. Күрделі жөндеуді бастаған мердігерлерге элеваторды бөлек бөлмеге ауыстыру жөнінде ұсыныс жасадық. Міне, өздеріңіз байқағандай, құрылысшылар барлығын орнатып берді. Тұтынған жылуымыздың температурасын да бақылауға мүмкіндігіміз бар. Жылу есептегіш құралы бар.»

650 орынды мектепте бүгінде мыңнан астам оқушы оқиды. Ұстаздардың күрделі жөндеу үшін алғыстары шексіз. Алайда 12 жылдық білім жүйесіне өтуге дайындық жүргізіп жатқан білім ордасында  сынып бөлмелері жетіспейді.

Зәуре Жамалбекова, Кентау қаласындағы №22 мектеп-гимназиясының директоры: «Қазірдің өзінде сыныптар жетіспейді. 12 жылдық білім жүйесіне көшкенде оқушыларды екі топқа бөліп оқыту керек. Жақында қалалық мәслихаттың депутаттарымен кездесіп, мектепке қосымша ғимарат қажеттігін жеткізген едім. Бізде кәсіби, білікті ұстаздар жетеді. Оқушыларымыз да дарынды. Тек ғимаратпен көмектессе болғаны.»

Қосымша ғимарат мектептегі сынып бөлмелері тапшылығын шешуге мүмкіндік береді. Ал сапалы білім беру жөнінде министрліктің талабы өз күшінде. Қосымша ғимаратты салуға қажетті қаржыны бөлу мәселесін депутаттар шешкенше, оқушылар екі немесе үш аусымда оқуға мәжбүр.