«Нұр Отан» партиясының кезекті қоғамдық қабылдауын парламент депутаты жүргізді

431

«Нұр Отан» партиясының ОҚО филиалында өткен қоғамдық қабылдауды бұл жолы Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Мұхтар Ерман жүргізді. Арызданғандар әлеуметтік қолдауды қажет етеді.

"Нұр Отан" партиясының кезекті қоғамдық қабылдауын парламент депутаты жүргізді

Мысалы, қоғамдық қабылдауға сонау Сарыағаш ауданынан келген Ләззат Бекежанова жұмыс берушінің заңсыз әрекетіне шағымданып келіпті. Медициналық бекетте акушер болып қызмет еткен әйел жұмыссыз қалуы мүмкін екенін айтады. Және тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай бюджеттік қызметкерлерге берілген біржолдық мерекелік қаржыдан да қағылдым дейді.

Ләззат Бекежанова, Сарыағаш ауданы Ынтымақ ауылындағы медициналық бекеттің акушері: «Менің төрт балам бар. Жұмыстан шығасың деп, арыз жазуымды талап етуде басшылар. Сосын бізден үнемі 20 мыңға дейін ақша алады. Оны комиссияға, жөндеу жұмыстарына жұмсаймыз дейді. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына да 25 мың теңгеден  береді деп еді. Соны әлі бермеді Береді ме, жоқ па?»

Сарыағаш ауданындағы Қошқар ата ауылының тұрғыны Гүлнар Байболова да «Ақша беруден жалықтық, оған тосқауыл қойыла ма» дейді.

"Нұр Отан" партиясының кезекті қоғамдық қабылдауын парламент депутаты жүргізді

Гүлнар Байболова, медицина саласының қызметкері: «Ақшаны «страшийға» жинап береміз. Мен қазір еңбек демалысындамын. Сонда да ауылға 8 мың теңге жіберуге мәжбүр болдым. Бермесек, жұмыстан айрыламыз.»

Арыздардың басым бөлігі әлеуметтік қолдауға қатысты болғандықтан, қабылдауға осы сала мамандары арнайы шақырылған. Қоғамдық қабылдауға Елбасының жолдауын халыққа түсіндіру мақсатында Оңтүстік өңіріне іс-сапармен келген мәжілісмен Мұхтар Ерман да қатысты. Астаналық қонақтың айтары да бар.

"Нұр Отан" партиясының кезекті қоғамдық қабылдауын парламент депутаты жүргізді

Мұхтар Ерман, парламент мәжілісінің депутаты: «Ауруханаларда комиссияға, жөндеу жұмыстарына ақша жинайды деген фактілерді анықтау үшін арнайы комиссия құрылсын. Оның құрамына «Нұр Отан» партиясының өкілін қосыңыздар. Фактілердің бәрі расталатын болса, онда шара көріледі. Тағы бір айта кететін жайт, таяуда орталық комитет партияның ОҚО филиалының жұмысын тексереді. Сонда қоғамдық қабылдаудың да  атқарған жұмыстары зерделенеді.»

Қоғамдық қабылдауда болған азаматшалардың арыздары сала мамандарымен жіті қаралып, шағымданушыларға жауап беріледі. Ал Астанадағы медицина орталықтарының бірінде емделуге көмек сұраған Әльмира Убайдуллаеваға жолдама берілетін болды.