Несие тарихын қалай тексереді?

1132
фото: 7kun.kz

С: Несие тарихы дегеніміз не?

Ж: Несие тарихы – өмірдерек іспетті. Несие алған уақытынан оны қайтарғанға дейін бәрі түгел жазылады. Тіпті кешіктірілген күнгі сағат, минутына дейін көрсетіледі. Деректерді «Бірінші несие бюросы» жинайды.

Келесі несие рәсімдегеніңізде банк менеджерлері «Бірінші несие бюросынан» несие тарихыңызды сұратады. Несие тарихында уақытынан кешіктіріліп төленген жағдай бар болса, онда несие тарихыңыз бүлінеді. Қайта несие берілмеуі әбден мүмкін.

Несие тарихы қаржылық құжат ретінде сақталады. Тіпті сіз тегіңізді, құжаттарыңызды түгелімен, мекен-жайыңызды өзгертсеңіз де сіздің атыңызда қалады. Әркім де несие тарихын өзі бақылап отыруы тиіс.

«Несиемді жаптым» деп арқаны кеңге салуына да болмайды. Төленбей қалып кеткен тиын-тебен жылдар өте үлкен сомаға айналып алдыңыздан шығуы әбден мүмкін. Сондықтан жылына екі рет тексеріп тұрғанның артықтығы жоқ.

Несие тарихын интернет арқылы екі түрлі жолмен тексертуге болады. Біріншісі, Электронды-сандық қолтаңба (ЭЦҚ) және банктің төлем картасы арқылы egov.kz электронды үкімет порталы арқылы несие есебін білу.

Екіншісі, www.myth.kz порталы мен «Бірінші несие бюросының» www.1cb.kz сайтынан алу.
Қызмет құнына келер болсақ, несие тарихы жылына бір рет тегін беріледі, ал сол жылы қайтадан алу қажет болса әр алғанға 400 теңге төлеу керек.

«Қара тізімге» еніп кетпеу үшін. «Credit Control – несие тарихын бақылау» жүйесіне қосылудың пайдасы мол. Несие тарихыңызда қандай да бір өзгерістер орын алатын болса, сіздің ұялы телефоныңызға немесе электронды поштаңызға хабарлама келеді. Деректен қате тапсаңыз, онда ол деректі жіберген банкке немесе несие бюросына несиенің уақытында төленгенін дәлелдейтін түбіртекті қосып, өтініш жазу қажет. Банк қызметкерлері сіздің өтінішіңізді қарап, тексеру жұмыстарын жүргізеді. Сіздің талабыңыз дұрыс болған жағдайда несие тарихына түзету енгізіледі.

Дайындаған – Гүлжан ЖҰМАШ