You are here
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі халық алдында есеп берді АНОНС Жаңалықтар 

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі халық алдында есеп берді

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев 2016 жылы атқарылған жұмыстар бойынша халық алдында есеп берді. Әкім өткен 2016 жылы өңіріміздің экономикалық және әлеуметтік салаларында атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жылдары іске асырылатын жұмыс жоспарлары туралы баяндады.

Есепті кездесуге жергілікті тұрғындармен қатар парламенті сенатының депутаттары жəне Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қатысты.

Айта кетейік, өңір басшысының халық алдындағы жылдық есебі биыл алғаш рет онлайн режимде Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ontustik.gov.kz сайтынан көрсетіліп, 3 миллионға жуық халқы бар күнгей тұрғындарын қамтыды. Бұл ақпаратты облыс әкімінің баспасөз қызметі келтіріп отыр.

Түркістан сарайында өткен жылдық есептен бөлек әр аудан, қалалардағы әкімдіктерде де жергілікті халық жиналып, жалпы саны 5 мыңнан астам Оңтүстік тұрғыны атқарылған жұмыстардың барысын онлайн режимде тыңдады.

Өткен 2016 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталған өңір басшысы өнеркәсіп саласында 776,8 млрд теңгенің өнімі өндіріліп,  2015 жылмен салыстырғанда 4,4%-ға артқанын айтты. Бұл көрсеткіш бойынша біздің облыс республикада 3 орынды иеленіп отыр. Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының аясында былтыр 19 жоба іске қосылып, 600-ден астам жұмыс орны ашылды. 2016 жылы индустриалды аймақтарда 15 жоба іске қосылып,  6 млрд теңге инвестиция тартылды. Жалпы облыстағы индустриалды аймақтарда 200 млрд теңгеің 170 жобасын іске асырып, 12 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 303 жобаға қолдау көрсетіліп, 2126 жұмыс орны құрылды.  Барлық аудан, қалаларда кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары арқылы 37 232 адамға көмек көрсетілді. Облыс экономикасына өткен жылы 380,6 млрд теңге инвестиция тартылды.

Есепті жылы облыста 530 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Денсаулық сақтау саласында 4 нысан, білім саласында – 39, мәдениет саласында – 8, спорт саласында 2 нысан қолданысқа берілді. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша 18,8 млрд теңге игеріліп, нәтижесінде 72,2 мың адам қамтылып, осы бағдарлама аясында 36,2 мың тұрақты жұмыс орны құрылды.

Өткен жылы аймақта 24 ауызсу, 25 табиғи газ нысаны пайдалануға берілсе, 641 шақырым автомобиль жолдары мен елдімекен көшелеріне құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл өткен 2016 жылы атқарылған жұмыстардың бір парасы ғана.

– Соңғы жылдары облыстың агроөнеркәсіптік өндірісінің дамуында оң үрдістер байқалып отыр. Ауыл шаруашылығында жалпы өнімінің өсу динамикасы сақталып, егін шаруашылығын әртараптандыру, асыл тұқымдандыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Бұл мемлекеттің белсенді бюджеттік саясатының арқасында мүмкін болуда. Есепті жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 445 млрд теңгені құрап, 2015 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,9% артты. Егіс көлемі 13 мың гектарға ұлғайып, 788,8 мың гектар болды, – деді әкім.

Айта кету керек, Оңтүстік диқандары былтыр орташа есеппен 633 мың тонна дәнді дақыл жинаса, ол 2015 жылмен салыстырғанда 8,9%-ға артық. Дәнді дақылдың түсімділігі орташа есеппен гектарына 25,1 цн құрап, Қазақстанның иәуелсіздік кезеңіндегі ең үлкен рекордтық көрсеткішке қол жетті. Сонымен қатар 2016 жылы 1060 мың тонна көкөніс, 1264 мың тонна бақша өнімдері, 268 мың тонна картоп, 287 мың тонна мақта жиналды. Бұл жоғарғы өнімділік еңбекқор да іскер жерлестеріміздің арқасы деп білеміз.

2020 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,1 трлн. теңгеге жетіп, орташа есеппен нақты көлем индексінің өсімі жыл сайын 2-3 пайыз деңгейінде жоспарлануда. Бұл көрсеткішке жету үшін индустриаландыру картасы аясында 2017-2020 жылдары 91 жоба іске қосылуы керек. Оның ішінде 2017 жылы 20 жобаны іске асырылады деп күтілуде.

– Елбасы биыл Қазақстан халқына арнаған жолдауында жаңа индустриялар құрумен қатар дәстүрлі өнеркәсіптің басым салаларына ерекше көңіл бөліп отыр. Мұнда бәсекеге қабілетті экспортқа бағытталған өндірістерді дамыту міндеттері қойылды. Осы мақсатта, облыс экономикасына 1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылып, бірқатар, ірі жобалар жүзеге асырылады, – деді әкім.

Олар – инвестиция көлемі 580 млрд теңгені құрайтын, «Петро Қазақстан Ойл Продактс» мұнай өңдеу зауытын жаңарту мен 5,5 млрд теңге инвестиция тартылатын «HILL Corporation» ЖШС пайдаланған майларды регенерациялау жобасы. Сонымен қатар 20 млрд. теңгеге «Шымкентцемент» зауытын жаңарту, 3,5 млрд теңгеге «Azala Fabric» ЖШС дайын тоқыма бұйымдары өндірісін кеңейту мен инвестиция көлемі 19,8 млрд. теңге болатын «Шымкент химия компаниясы» этил трет-бутилді эфирінің және полипропилен өндірісін шығаратын кәсіпорын мен мұнай өңдеу «Standart Petroleum&Co» зауыты. Инвестиция көлемі – 21,8 млрд теңге, іске асыру мерзімі – 2020 жыл.

Бұған қоса Оңтүстікте 2017-2020 жылдар аралығында 90 мың жеке шаруа қожалығынан құралған 600-ден астам кооператив нақты іске кіріседі.

– Елбасы биылғы жолдауында агроөнеркәсіп кешенін экономиканың жаңа драйверіне айналдыру міндетін қойып отыр. Осы бағытта шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтардың кірістерін арттыру, өнімін өткізу, сақтау көзделуде. Өндіріс құралдарымен және материалдық-техникалық ресурстармен жабдықтау, қаржыландыруға қол жеткiзе алу үшін кооперативтер жүйесін жетілдіріп, өңірлік басымдылығына қарай агро аймақтар құратын боламыз. Етті, сүтті мал шаруашылығын өркендету мен құс, балық шаруашалығын дамыту қоса жүргізіледі, – деді өңір басшысы.

Мысалы, 2017 жылдың өзінде мал бордақылау алаңдары бар 30 жекелеген қосалқы шаруашылық біріктірілетін болады. Солардың бірі «Қайып ата» мекемесі жанынан 2000 бас малды бордақылайтын «Ханшайым» кооперативі құрылып, жылына өндірілетін 1 мың тонна өнім толығымен экспортқа жөнелтіледі.

Сонымен қатар биыл 3000-нан астам отбасы 30 мыңнан аса ірі қара малды бордақылайтын алаңдар мен 723 жанұялық сүт фермасын ашуды жоспарлауда. Сонымен бірге сүт өнімділігін арттыру бағытында «Қазына жер ЛТД» мекеме жанынан 2600 ірі қара малды ұстайтын 6 кооператив ұйымдастырылып, жылына 8 мың тонна сүт өндіру көзделуде. Ал «Атамекен» корпорациясы Төлеби ауданында 20 шаруашылықты біріктіріп, 400 басқа арналған сүт өндіру кооперативін қолға алды.

Ал құс етін өндіру үшін биыл 56 мың бас құсқа арналған 14 ферма ашылады. Бұдан бөлек «Шымкент құс» мекемесі мен қаржы институттарының қолдауымен Төлеби ауданындағы 20-дан астам шаруа қожалық бірігеді.

Биыл балық шаруашылығы бойынша 7 балық өндіру кәсіпорнын құру жоспарлануда. Және Қазығұрт, Төлеби, Сайрам аудандарында қарқынды алма, жаңғақ баулары мен Шымкент қаласы және Сарыағаш ауданында жылыжай кешені агро аймақтарын қосу көзделуде.

Нәтижесінде 90 мың жеке шаруа қожалығынан құралған 600-ден астам кооперативтер нақты іске кіріседі. Бүгінде дейін 17 мыңнан астам ұсақ шаруашылықты біріктіретін 242 кооператив құрылды.

Тұрғындарды баспанамен қамту бүгінгі күннің басты мәселесінің бірі екенін айтқан Жансейіт Қансейітұлы алдағы 5 жылда 4,8 млн шаршы метр үй пайдалануға беріліп, 47 619 отбасы баспаналы болатынын жеткізді.

Есепті жиында әкім баспанамен қамтамасыз ету бойынша қажеттіліктерді кезең-кезеңімен шешу үшін 2016 жылы 530 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылғанын айтса, биыл жалпы ауданы 700 мың шаршы метр болатын тұрғын үйді тапсыру жоспарда тұрғанын айтты.

Бүгінде 2017 жылы салынатын көп қабатты 98 және 4 018 жеке үйлерге қажетті инженерлік-коммуникациялық желілермен қамтамасыз ету үшін бюджеттен 11 млрд 732 млн теңге бөлінеді.

Алдағы 15 жылда еліміздің тұрғындарын толығымен баспанамен қамту мақсатында елімізде жаңадан «Нұрлы жер» бағдарламасы қолға алынды. Осы бағдарлама шеңберінде жеке үй құрылысы бойынша Шымкент қаласында пилоттық жоба ретінде екі коттеджді қалашық салынатын болады. Оның бірі – 76 гектар алқапта 293 үй орналасатын «Бозарық» кешені болса, екіншісі – 180 гектар алқапта 1 050 үймен «Таскен» тұрғын үй кешені бой көтереді. Жалпы 5 жылда көп қабатты 529 және 25 736 жеке үйге инженерлік инфрақұрылым жүргізіледі.

Сонымен қатар жиында әкім көп қабатты тұрғын үйлерді жаңарту әр отбасы үшін өзекті мәселе екенін атап өтті .Осы ретте Шымкент қаласы мен аудан, қала орталықтарының сәулеттік келбетін заманауи талаптарға сәйкестендіру, көп қабатты үйлердің хасбетін жөндеу, аумағын абаттандыру мәселесі де өзекті күйде тұр.

Облыста жалпы саны 3 152 көп қабатты үй бар. Оның ішінде 1 581 үй күрделі жөндеуді қажет етсе, 183-інде қайта жаңарту жұмыстары аяқталды. Нәтижесінде жөндеуді қажет ететін үйлердің үлесі 50,1%-дан 44,4%-ға дейін төмендеді.

Алдағы 4 жылда жалпы саны 488 көп қабатты үй күрделі жөнделіп, жөндеуді қажет ететін үйлер үлесін 28,8 пайызға дейін төмендету көзделуде.

 

Тағы да оқитындарыңыз

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz