ОҚО-да «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 303 маман баспанамен қамтылды

618
ОҚО-да «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 303 маман баспанамен қамтылды

Оңтүстік Қазақстан облысында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында әлеуметтік және агроөнеркәсіп кешені саласы мамандарына тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін жеңілдетілген бюджеттік несие түрінде 954 млрд 447 млн теңге бағытталып, нәтижесінде 303 маман баспаналы болды. Сонымен қатар биыл да осы бағдарлама шеңберінде 1,1 млрд теңге бөлініп, нәтижесінде 300 жас маман үй алмақ.

ОҚО-да «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 303 маман баспанамен қамтылдыЖұмыссыз жүрген мамандарды елдімекендерге жұмысқа орналастырып, ауылдың жағдайын көтеру және ондағы кадр тапшылығын шешу мақсатында қолға алынған «Дипломмен ауылға» жобасы аясында 2016 жылы 14 аудан, қала бойынша 773 маманға 114 млрд 766 млн теңге көлемінде біржолғы көтерме жәрдемақы ұсынылды. Оның ішінде 496 – білім беру, 218 – денсаулық сақтау, 43 – агроөнеркәсіптік кешен, 9 – спорт, 5 – мәдениет, 2 – әлеуметтік қамсыздандыру саласының мамандары.

Сондай-ақ, «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында 5 135 жас жұмыспен қамтылса, оның 1 982-сі ауыл жастары. Ал осы бағдарламамен жұмыс істеген азаматтардың 3 890-ы тұрақты жұмысқа орналасқан.

Жалпы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2015 жылмен салыстырғанда 2 пайызға азайып отыр. Сонымен қоса «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 2016 жылғы жұмыс маусымында 1350 жас абаттандыру және көгаландыру бойынша жұмыстармен қамтамасыз етілген.

Ал студенттердің жазғы демалыс уақытын тиімді пайдалану мақсатында студенттік құрылыс жасақтарына құрылыс мамандығында білім алатын 500 студент қамтылып, 12 мердігер компанияларда жұмыстар атқарды. Айта кетейік, жалпы облыста 762 124 жас болса, оның ішінде 116 220-сы студент.