Оңтүстікте жыл соңына дейін 1500 азамат кәсіпкер курсын оқиды

351
Жәрмеңке желісі бойынша жас кәсіпкерлер бизнес жоспарларына инвестиция тарта білуі қажет

Биыл жыл соңына дейін Оңтүстіктен 1500 кәсіпкер шығуы мүмкін. Мемлекеттік бағдарлама аясында жұмыссыз азаматтарды жаппай оқыту көзделген. Сертификат алған азаматтар содан кейін несиеге қол жеткізе алады.

Жұмыссыздар мен өз бетімен қамтылған азаматтар енді мемлекеттен қаржылай көмек ала алады. Бұл үшін оларға «Жаппай өнімді кәсіпкерлік» бағдарламасының екінші бағыты бойынша оқудан өтсе болғаны. Сабақтар 1 сәуірден бастап облыстың 8 ауданында – Мақтаарал, Сарыағаш, Сайрам, Ордабасы, Қазығұрт, Төле би, Түлкібас және Отырар ауданында басталады.

Данияр Дармен, ОҚО кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес көмек бөлімінің басшысы: «Бұл жолғы несие көлемі 8 мың АЕК-ке дейін жетеді. Бұл шамамен 18 млн теңге деген сөз. Ал бұған дейін несие көлемі 5 млн теңгеге дейін, ал мерзімі 5 жылға дейін болатын. Бұл жолғы мерзім 7 жылға дейін ұзарып отыр.»

Сабақ өтуші шеберлер өз ісін қалай дамытуды үйретіп, бизнес-жоспар мен жеке кәсіпкерлікті тіркеуде көмектеседі. Басты назар қазіргі заманда бизнесті дамытудың заңгерлік және экономикалық тұстарына аударылмақ. Осы оқудан кейін курс тыңдаушыларына ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры мен шағын несие ұйымдарынан несие алуға мүмкіндік бар.

Данияр Дармен, ОҚО кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес көмек бөлімінің басшысы: «Жобалар іріктеліп алынып, арада бір ай өткен соң кәсіпкерлер оны облыстық деңгейде қорғайды. Біз курс оқушыларына «Бизнес-бастау» бағдарламасының сертификаттарын береміз. Содан кейін қаржы институттарына жолдама-хат жазамыз. Соның негізінде болашақ кәсіпкердің жобасына несие бөлуде жңілдік болады.»

Жалпы, кәсіпкерлер палатасының мамандары 2017 жылдың соңына дейін 1500-ге жуық адамды оқытып-үйретпек. Ал келесі жылы мұндай қатысушылар саны екі есе артады деп күтілуде.