//
Отандық тауар өндірушілердің көрмесі өтті Жаңалықтар 

Отандық тауар өндірушілердің көрмесі өтті

Оңтүстік халқы Президенттің “Қазақстанның үшінші жаңғыруы – жаһандық бәсекеге қабілеттілік” жолдауын жүзеге асыруға кіріп кетті. Күнгейдің мүмкіндіктері шетел инвесторларын тарту арқылы экономиканы қарқынды дамытуға жол ашады.

Осыған орай Шымкентте ақпанның 1-3-і жұлдызы аралығында қазақ-түрік инвестициялық форумы өтуде. Бағдарлама бойынша 2 ақпан күні “Көрме” орталығында тауар өндірушілердің ауқымды көрмесі ұйымдастырылды.

Отандық тауар өндірушілердің көрмесі өтті

Түрік инвесторлары үшін арнайы ұйымдастырылған 20-дан астам тартымды инвестициялық жоба мен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік қарастырылмақ. Көрмеде Оңтүстікте шығарылатын өнімдер кең көлемде ұсынылған. Басым бөлігі Қазақстанның индустриаландыру бағдарламасы шеңберінде іске қосылған кәсіпорындарға тиесілі. Қатысушылар көрменің қос мемлекетке де тиімді болары сөзсіз дейді.

Отандық тауар өндірушілердің көрмесі өтті

Жергілікті кәсіпкер Алымжан Ибрагимовтың аяқ киім тігумен айналысқанына бес жыл болды. Кәсібін арнайы құрылымдардың қызметкерлеріне аяқ киім тігуден бастаған ол бүгінде өз өнімдерін қарапайым халыққа ұсынуда. Өндіріске қажет шикізаты Жамбыл, Алматыдан жеткізілсе, жабдықтары – түркиялық.

Алымжан Ибрагимов: “Бүгінде 30 адам жұмыс істейді. Егер бізге ғимаратпен көмектессе, біз жұмысшылардың санын 130-ға жеткізетін едік. Күнделікті 70-80 жұп аяқ қиім тігеміз.”

Жергілікті былғарыдан тігілген отандық өнімге “Ордабасы-құс” серіктестігі тапсырыс жасамақ. Ал Шымкенттегі №5 колледждің басшылығы осы цехтың базасында болашақ тігіншілерінің тәжірибе жинақтауына келісім жүргізбек.

Көрмеде Шымкенттегі кәсіпорынның консервіленген ет өнімдеріне сұраныс жоғары болды. Балық, сиыр етінен бөлек әсіресе жылқы етінен әзірленген консервіге тапсырыс мол түсті.

Қазақ-түрік инвестициялық форумы аясында ұйымдастырылған көрменің жұмысына мәжілісмендер де қатысты. Елбасының кезекті жолдауын халыққа түсіндіру мақсатында Оңтүстікке іс-сапармен келген депутаттар да мұндай іс-шараның маңыздылығын атап өтті.

Инвестициялық форум аясында түзілетін жобалар екі ел арасындағы достық-іскерлік қарым-қатынасты нығайта түсетіні айқын. Ұйымдастырушылар әлемдегі озық технологиялар мен тәжірибелерді кеңінен қолдану арқылы шағын және орта бизнесті дамытуға көзделген форумның жұмысы нәтижелі болатынына сенімді.

Тағы да оқитындарыңыз

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz