You are here
«Сана-сезім» Президент жолдауын қолдайды Жаңалықтар 

«Сана-сезім» Президент жолдауын қолдайды

Елдегі реформаның мәні билік өкілеттіктерін қайта бөлуде Қазақстанның тұтастай саяси жүйесін демократияландыруға саяды. Елбасының халыққа жолдауы мен үндеуін Оңтүстік өңірінің белсенді әйелдері талқылады. Жолдауды іске асыруға қатысты олардың өз ұсыныстары да бар.

«Сана-сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығына өңірдің белсенді келіншектері жиналыпты. Бірі қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, енді бірі әлеуметтік, бизнес саласында орны бар азаматшалар. Саяси әйелдер клубының, ОҚО әйелдер кеңесінің, облыс әкімдігі жанындағы әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының мүшелері Президенттің жақында жариялаған құжатының негізгі тармақтарына тоқталды.

«Сана-сезім» Президент жолдауын қолдайды

Соның бірі – баланың балабақша мен мектептегі тәрбиесіне, ұстаздардың кәсіби деңгейіне қатысты мәселелер. Сондай-ақ үш тілді білім жүйесіне өтуде талап күшейтілген тұста, педагогтарға мемлекет тарапынан қолдауды да арттыру қажет деп есептейді олар.

“Сана-сезім” қоғамдық бірлестігі қызметкерлерінің де айтары бар. Өйткені адам саудасы, әйелдер, балаларға қатысты зорлық-зомбылық әрекеттері көбеймесе, азаймай тұр. Бұл дертпен күресуге бүкіл қоғам жұмылдырылмаса және қолданыстағы заңдардың жергілікті жерлерде орындалуын қатаң қадағаламаса, нәтиже болары екіталай. Қазірдің өзінде осыдан зардап шегушілер көп.

Хадиша Әбішева, «Сана-сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығының президенті: “Елбасының үндеуіндегі билік тармақтары арасындағы қарым-қатынастарды конституциялық деңгейде теңгеру, парламенттің үкімет жасақтаудағы рөлін күшейту, министрлер кабинетінің депутаттар корпусы алдындағы жауапкершілігін арттыру маңызды деген тұстарды құптаймыз. Біздің қоғамдық бірлестік атқару органдары және үкіметтік емес ұйымдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Сондықтан өкілетті, атқару органдары немесе қоғамдық бірлестіктер болсын, барлық құрылымдар заң аясында жұмыс істесе, күрделіктер туындамас еді. Біз осындай жиындарды 27 ақпанға дейін жиі өткізіп, ұсыныс, шешімдерімізді жинақтап, комиссияға жеткіземіз.”

Дөңгелек үстел барысында қоғамды жайлаған сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуге қатысты нендей шараларды қолға алу керегі де сөз болды. Аналардың айтуынша, жолдаудағы бесінші басымдық – сот жүйесіне деген сенімнің артуына қол жеткізуді сөзбен емес, іспен нақтылаудың уақыты жетті. Судьялардың жұмысына заңнан тыс кез келген ықпалды жою маңызды деген тұстарды құптаған белсенділер әділдік бар жерде билікке деген сенім де артады деп түйіндеді.

Тағы да оқитындарыңыз

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz