Сарыағашта заты бар да аты жоқ ауыл бар

885
Сарыағашта заты бар да аты жоқ ауыл бар

Заты бар да аты жоқ. Сарыағаш ауданы орталығының дәл іргесінде осындай жағдайдағы ауыл бар. 300-ден астам тұрғыны бар елдімекен халқы 10 жылдан бері, басқаны айтпағанда, бір атауға зар болып келеді. Ауыл статусы берілмегендіктен, мұнда бар 100 үйдің иелері құжаттарын да заңдастыра алмай отыр. Жергілікті әкімдіктердің табалдырығын талай тоздырып, ештеңе қол жеткізе алмаған жұрт шағымын айтып, жақында тілшілерге хабарласты.

Кезінде көрші Өзбекстан мен Қазақстанның шекара сызығы белгіленгенде үйлері бұзылып, осы маңға қоныс аударған халыққа сол кездегі Сарыағаш ауданы әкімінің шешімімен жер телімі берілген. Баспаналарын тұрғызып, шаруашылығын біршама реттегенімен, 2007 жылдан бері тұрғындар құжаттарын да рәсімдей алмайды, себебі ешбірі заңды тіркеуде жоқ. Елдімекеннің аты да, заты да нақтыланбаған. Көшелері туралы айтудың өзі қисынсыз.

Исабеков Қожабек, ауыл тұрғыны: «Бізден ешкім хабар алмайды. Ел екен, бұл жерде адамдар бар екен демейді… Біз ешкімнен нан сұрап отырған жоқпыз, тек құжатымыз керек бізге. Иненің үстінде отырғандаймыз, қашан біреу келіп құжат сұрап қалады екен деп.»

Ресми түрде бекітілмеген ауылды тұрғындар өзара Жарты төбе атап кеткен. Шағын елдімекенде күрделенген түйткіл көп. Электр желілерін өз қаржысына тартып алған тұрғындар ауыз суға да зәру. Мектеп, аурухана сынды маңызды әлеуметтік нысандарды айтпағанда, мұнда қарапайым дүкен де жоқ.

Гүлчехра Жүрсінбаева, ауыл тұрғыны: «Мына жерге келіп тұрған газды да, суды да бермейді. Біз ауада ұшып жүрміз. Халық бар, бірақ ештеңе бермейді. Әкім, депутаттар сайланатын кезде келеді де бес күнде құжаттарыңды рәсімдеп беремін деп, алдап кетеді. Осылай алданумен келе жатырмыз.»

Жаға ұстатқан бұл мәселені әкімдік өкілдері білетін болып шықты. Алайда, мұнда 100 түтіннің барын білмеппіз дейді. Шенділер бұл жағдайға тұрғындардың өзін кінәлап шықты. Бір-екі емес, 10 жыл бойы заңдылықтарды тұрғындарға келіп, неге түсіндірмегені мүлдем түсініксіз. Оның үстіне осы кездесудің өзінде бірнеше түрлі уәж айтып, ақталды.

Сарыағашта заты бар да аты жоқ ауыл бар

Рашид Қайыпжанов, Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары: «Мен сіздерге тағы да айтамын, сіздер заңсыз шешіммен жерді сатып алғансыздар. Енді қазір 76 млн теңге қаржы бөлінді, тағы бір-екі елдімекен бар, соны қосып, бірінші бас жоспар, кейін егжей-тегжейін қарастырамыз. Бірақ мемлекеттік айыппұлды төлейді, заңсыздығы үшін».

Енді аудан басшысының назарынан тыс қалған халықтың мәселесін жергілікті прокуратура өз бақылауына алатын болды.

Сұлтан Еспаев, Сарыағаш ауданы прокурорының көмекшісі: «96 га егістік жер 2006 жылы бұрынғы әкім шешімімен берілген, бірақ берілгенімен, осы күнге дейін нысаналық мақсаты үй игеруге ауыстырылмаған. Аудан әкімінің де, ауыл әкімінің де, архитектура бөлімінің де назарынан тыс қалған. Қазіргі таңда бұл мәселе зерделеніп, прокурорлық шара көрілетін болады».

Осылайша заты бар да аты жоқ ауылдың енді қашан ресми түрде елдімекен болатыны белгісіз. Атқамінерлердің уәдесінен үмітін үзген халық, енді ертеңіне алаңдап облыс әкіміне шағымданбақ.

Гүлжан Байназарова