You are here
Шымкентте көпқабатты үйлердің хасбеті жаңарады Жаңалықтар 

Шымкентте көпқабатты үйлердің хасбеті жаңарып, жолайырықтар салынады

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен Шымкенттің сәулеттік келбеті мен көлік инфрақұрылымын дамыту жайы туралы мәжіліс өтті. Жиынға Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, шаһар әкімдігіне қарасты аудан әкімдері мен салалық бөлім басшылары және 30-дан астам мердігер компанияның жетекшілері қатысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Жиындағы бірінші мәселе Шымкент әуежайынан әкімшілік іскерлік орталыққа дейінгі ұзындығы 17,8 шақырымды құрайтын орталық көшелер – Темірлан тасжолы, Желтоқсан мен Бәйдібек би көшелері, Д.Қонаев және Астана даңғылдарының бойындағы көп қабатты үйлердің хасбеттерін әрлеу жайы болды. Бұл тақырып бойынша баяндама жасаған Ғабидолла Әбдірахымов аталған басты бес көше мен даңғылдың бойындағы 17 көп қабатты үй жөндеп, әрлеуді қажет ететінін жеткізді.

Нақты айтқанда Темірлан тасжолы бойындағы 5 көп қабатты үй мен Желтоқсан көшесі бойындағы – 7, Бәйдібек би даңғылындағы – 2, Астана даңғылындағы 3 үйдің хасбеті ретке келтірілмек. Барлық үйлердің қазіргі және болашақтағы өзгерген көрінісі өңір басшысының назарына ұсынылды.

– Аталған нысандардың сыртқы келбетін ретке келтіру мақсатында эскиздік жобалар дайындалды. Оған сәйкес барлық көп қабатты үйлердің хасбеттері мен жаны толығымен және бірінші қабаттағы коммерциялық құрылымдарды (дүкендер, асханалар, кеңсе және т.б.) қою түстермен, гранит тастармен біркелкі стильде ретке келтіру қажет. Ал жоғарғы қабаттары ашық түсте әрленіп, қазіргі заманауи материалдар қолданылады. Бүгінгі таңда әр үйге бір-бір мердігер мекемеден белгіленіп қойылды, – деді қала әкімі.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселеге қаныққан аймақ басшысы көрсетілген барлық жобаларға оң бағасын беріп, қолдайтынын, десе де кейбір жобаларды қайта пысықтаудан өткізу қажеттігін айтты.

– Шымкент – Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы. Шаһарымызға келген қонақтар қалаға қарап, облысқа баға береді. Сондықтан, құрметті мердігерлер, жұмыстарды сапалы әрі мерзімді атқарып, оны іске асыруда отандық құрылыс материалдарын пайдаланыңыздар, – деді аймақ басшысы.

Шымкентте көпқабатты үйлердің хасбеті жаңарады

Мұнан соң жиындағы екінші мәселе шаһардың көлік инфрақұрылымын дамыту жайында Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаев баяндама жасады. Келтірілген мәліметке сәйкес, 2020 жылға дейін Шымкенттегі маңызды деген жол қиылыстарына бес жол айырығы салынып, пайдалануға беріледі.

Атап айтқанда Бәйдібек-Арғынбеков-Назарбеков-Астана көшелеріне ортақ жол айырығын салу жоспарланса, Жібек жолы-Сайрам, Рысқұлов-Қонаев, Бәйдібек би-шағын айналма жолы және Хоргос-Алматы-Шымкент-Өзбекстан шекарасы жолының (А-2) 674-705-621 шақырымына жол айырықтар салу жобада бар. Бес нысанның алғашқы екеуі келесі жылдан бастап іске асырыла бастайды деп күтілуде.

Жобалар ретімен мұқият танысқан әкім оларды әлі де қайта қарап, қаржысын жан-жақты тиімді етіп есептеуді, сәйкесінше, нысандардың сапасына мән беруді жіті тапсырды.

Тағы да оқитындарыңыз

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz