//
Шымкенттегі халыққа қызмет көрсету орталығының бірінде электр жарығы сөніп қалды Жаңалықтар 

Шымкенттегі халыққа қызмет көрсету орталығының бірінде электр жарығы сөніп қалды

Шымкенттегі Қаратау аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында шу шықты. Мекеме қызметіне жүгінген жұртшылық ұзақ уақыт тиісті шаруаларын тындыра алмай әлекке түсті. Оған себеп – сағат бойы сөніп қалған жарық қызметкерлер мен халықты тығырыққа тіреп тастады. Бұл жағдай тап уақытша тіркеудің қызған шағында қолайсыздық тудырды дейді тұрғындар.

Халық сағаттап, сарыла күтіп отыр. Сөндірулі компьютер алдында отырған қызметкерлерден де қайран жоқ. Құр отырғаны болмаса, тынып жатқан тірлік шамалы. Жарықты ұзақ күткен жұрттың шыдамы таусылды. Әлі қанша күтетіні де белгісіз.

Жасына толмаған нәрестесімен келген жас ана Жәмилә Анарқұлованың да дегбірі қашты. Уақытша тіркеуге тұруға келген тұрғын бұл шаруаның осынша ұзақ уақыт алатынын күтпедім дейді.

Ал орталық қызметкерлері қолайсыз жағдай туғаннан бірден тиісті мамандарға телефон шалдық дейді. Айтуларынша апатты жағдайдың салдарынан мекеме электр қуатынан ажыратылған. Ал күн сайын жүздеген тұрғынға қызмет көрсететін орталықта қосымша қуат көздері әзірге қарастырылмаған сыңайлы.

Мамандар электр қуатынсыз бірде-бір қызметтің көрсетілмейтінін айтады. Ал эфирге материал дайындалып жатқанда жарықтың жайын сұрап, орталыққа хабарласқан болатынбыз. Жағдайдың өзгеріссіз екенін айтқан мамандар халықты сабырлыққа шақырумен болды.

Мақпал Рысбаева

Тағы да оқитындарыңыз

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz