Учаскелік инспекторыңыздың жұмысына баға беру үшін…

518
Учаскелік инспекторыңыздың жұмысына баға беру үшін

Сіз өз шағынауданыңыздың учаскелік инспекторын танисыз ба? Оның жұмысына қандай баға бересіз? Енді мұның бәрін үйде отырып-ақ істеуге болады. Ақпан айынан www.otyrar.kz сайтында «Шымкентің учаскелік полицейі» атты арнайы жоба басталды. Бұл жобаның көмегімен, сіз жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторларымен виртуалда таныса аласыз. Дәлірегі, otyrar.kz сайтына кіріп, осындағы арнайы жобалар бөлімінен «Шымкенттің учаскелік полицейі» атты жобаны ашып, бәрін білесіз.

«Шымкенттің учаскелік полицейі» – қаланың интерактив картасы. Мұнда Шымкенттегі барлық полиция тірек бекеттерінің мекенжайы, телефон нөмірлері мен аға учаскелік полицейінің мәліметтері бар. Шымкент төрт ауданға, яғни Абай, Еңбекші, Әл Фараби және Қаратау аудандарына бөлінген. Қалада жергілікті полиция қызметіне қарасты 68 тірек бекеті және 327 учаскелік инспектор мен оның көмекшілері бар.

Жобаның басты мақсаты – қала тұрғындары мен аға учаскелік инспекторлар арасында байланыс орнатып, олардың мекенжайларынан хабардар ету.

Жобада қиындық тудырған бір жағдай, кейбір тірек бекеттерінде стационар телефон мен интернет жоқ болып шықты. Бүгінде учаскелік инспекторлардың бәрінде өз шағынауданының тұрғындарымен байланысуға арналған жеке мобиль телефон нөмірі де бар. Бұл да осы картада көрсетілген.

Әрбір тұрғын өзінің учаскелік полицейімен байланысу үшін, Шымкент картасын ашып, қажетті полиция тірек бекетінің орнын таңдап, аға учаскелік инспектордың фотосын көріп, аты-жөнін, байланыс телефонының нөмерін табады.

Тәжірибе көрсеткендей, егер шағынауданда қандай да бір оқыс жағдай орын алса, онда 102 телефон нөміріне хабарласқаннан гөрі, учаскелік инспекторға тікелей байланысқан тиімді.
«Шымкенттің учаскелік полицейі» жобасы әлеуметтік жоба ретінде шектеусіз мерзімге дейін жұмыс істейді. Бұл жоба Шымкент тұрғындарына көмек ретінде жасалынған. Әрбір учаскелік полицейдің жұмысына баға беріп, рейтингін жасауға да болады.
Картаны ашып, жұмысына баға бергіңіз келетін учаскелік инспекторды таңдап, өз бағаңызға сай жұлдызша санын қоясыз. Бұл учаскелік инспекторлардың ай сайынғы жұмысына баға беруге септігін тигізеді.