Шымкентте «бомба» деп шошынған тұрғындар түннің жарымында үйлерін тастай қашты

509
Шымкентте

«Бомба» деп жанын шүберекке түйген тұрғындар қыстың суық түнінде көше кезіп кетті. Өйткені көп қабатты үйдің алдынан жарылысқа ұқсайтын күдікті зат табылып, полицейлер бір топ халықты жылы үйлерінен көшеге шығарып, қауіпті аймақты оқшаулап қойды.

13 желтоқсан түнде Шымкентте бір көшенің қозғалысына шектеу қойылды. Полицияға 102 нөмірі бойынша 17 шағын ауданындағы 20 көп қабатты үйдің ауласына бомба қойылған деген хабарлама түскен. Оқиға орнына лезде жеткен полицейлер күдікті аумақты бірден оқшаулап, тексеру жұмыстарын жүргізді.

№ 20 үйдің тұрғыны: «Полицейлер әр үйді аралап шығып, далаға шығуымызды өтінді. Үйіміздің алдымызда, бомба тұр дегенді естігенде далаға атып шықтық. Түннің суығына да қарамадық. Шынымды айтсам, қорқып тұрмын. Міне қаншама тұрғындар бала-шағасымен көшеде жүр».

Оқиға орнына ішкі істер органының арнайы жасағы жетіп, күдікті аумақты қоршауға алды. Содан кейін полицейлер күдікті зат ретінде сауда үйінің алдынан қара сөмке алды. Дегенмен, оның ішін тексере келе құтқарушылар қауіпті жарылыс затын таппады. «Бомба» деген зат жай ғана қара пакеттегі қыстық киім-кешектер болып шықты.

Лаура Мамырова