Намазхананы жабумен мәселе шешілмейді

Таяуда Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шәріп «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң жобасын таныстырғанда мемлекеттік мекемелердегі намазханалар жабылады деп мәлімдеді. Яғни, білім ордалары мен ауруханаларда және әскери бөлімшелерде намазхана ашуға тыйым салынады. Ол үшін төленетін айыппұл көлемі де айтарлықтай. Ол бұл өзгерістердің қоғамдық орындарға, атап айтқанда, әуежайлар мен вокзалдарға қатысы жоқ екенін түсіндірді.

Байқайсыз ба, соңғы кездері дін мәселесінде жоғары жақтағылар да шатыса бастағандай. Бір кездері Исламға бет бұрып, етек-жеңіміз жиналды деп, бөркімізді аспанға атып едік. Қазір аузына Алланы алған адамды көрсек шошына қарайтын жағдайға жеттік. Жер-жерлерде діни экстремизмге қарсы ұйымдастырылған жиындарды жиілетіп жібердік. Көршіміздің сақалы мен балағын аңдитын болдық. Ұл-қызымыз құбылаға бет түзеп, намаз оқи бастаса күдіктене қараймыз. Осылайша, имандылық мәселесінде басы қатқан қазақ өзінен-өзі қорқатын заманға жеттік қазір.

Қазір аталмыш заң жобасы Парламент депутаттарының қызу талқылауында. Бірі мақұлдаса, екіншісі қарсы. Мысалы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Камал Бұрханов бұл ретте мемлекет пен діннің бөлек екенін алға тартады. Кабинетте шылапшын алып жуынып отыру көрінісі мемлекеттік қызметкерге, яғни әрдайым түрлі саладағы адамдарды қабылдап, кездесетін тұлға үшін оғаш қылық деп санайды халық қалаулысы.

Оны әріптесі А.Жағанова да қолдайды. Тек, Б.Тілеухан бастаған депутаттар ғана жаңа ұсынысқа қарсы.

Оңтүстікте қазір 106 намазхана бар. Облысымыздағы 6 түзеу мекемесінде Құдайға құлшылық етуге арналған 12 бөлменің 6-уы мешіт болса, 6-уы шіркеу. Оның ішінде 167/2 және 167/9 түзеу мекемелерінде арнайы мешіт ғимараты да бой көтерген. Демек, облыстағы барлық түрмелерде намазханалар жұмыс істейді деген сөз. Жазасын өтеушілердің 3067-сі дінге сенушілер. Олардың 2473-і мұсылмандықты ұстанса, 594-і христиан өкілдерінен тұрады екен.

Әзірге, жаңа заң жобасы талқыланып жатқандықтан түрмелердегі намазханалар осылайша қатаң бақылауда көрінеді. Дегенмен, дін өкілдерінің бұл жәйтқа көзқарасы басқаша.

Мұхамеджан ЕСТЕМІРОВ, облыс бас имамының орынбасары:

Намазханаларды жабу мәселесіне, жеке пікірім қарсымын. Себебі, біздер діни уағыз жүргізетін мекемелерде Құдайын танып, тура жолға түсіп жатқандар өте көп. Ондағы араққа, есірткіге тәуелденгендердің райынан қайтып жатқандарының басым бөлігі дінге бет бұрғандар деп толық айта аламын. Өйткені, адамға ең алдымен керегі – сенім. Ең дұрысы, айтып отырған мекемелердегі намазханаларға камера қойып, бақылауды күшейткен дұрыс сияқты.

М.Естеміров қалада қазір уахабшылар ордаларының жиілеп кеткенін айтады. Шаһардағы «Көмешбұлақ», «Қатын көпірдегі» темір-терсек базарларының маңы, сондай-ақ, Ғ.Ілияев көшесінің бойындағы «Шымнұр» кафесінің айналасын дінбұзарлар жайлаған дейді. Намазханаларды жапқаннан гөрі осы іспеттес орындарға тосқауылдар жасалса дейді Үкімет тарапынан.
 

Серік САХАНОВ, қала тұрғыны:

Әрине бұл дұрыс емес. Мысалы, мемлекеттік қызметкерлер түскі үзілісте намазхана іздеп, мешіттерге барса, түскі астан қағылып, аш қарынмен жұмыс істеуге мәжбүр болады. Ал студенттер сабағын өткізіп алады. Сапасыз жұмыс пен құлықсыз зейін нәтижелі болмасы анық. Біз мұндай әрекеттер жасау арқылы Исламды расында да терроршыл дін етіп көрсетіп алуымыз мүмкін.

P.S. Кешеге дейін хиджапты айтып «әләуләйләтіп» келіп едік, бүгін оған намазхананың «хәләуләйлімін» қостық. Күн сайын дінімізден ши шығарып, алыстап кетпесек жарады. Адамның психологиясы қызық қой, шіркін. Қой деген сайын сол нәрсеге ынтыға түсеміз. Осы арада, елдегі намазханаларды жауып, келесі бүлікті шығарып алмаймыз ба деген сауал ұялайды көкейге. Сыйыну орындарын жаппақ түгілі, өзге де шаралар тоқтау сала алмай жатқан кері ағымдарға бұл бөгет бола алмайды, әрине. Сіз қалай ойлайсыз, оқырман? Хат жазыңыз…

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz