«Ғасырлар үні» фольклорлық ансамбльдер байқауы

Ансамбль барлық музыкалық аспаптардан құралды

Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармониясында республикалық «Ғасырлар үні» фольклорлық ансамбльдер байқауына 9 ұжым қатысты. Оның ішінде Алматының атақты «Адырнасы», Қызылорданың «Қорқыт сазы» және жергілікті «Қазына», «Самұрық» сияқты фольклорлық ұжымы да бар.

Ұлттың ұлық атауын иемденген өнер бәсекесінде шымкенттіктер екі күн бойы атағы алашқа аян ансамбльдердің сазына құлақ құрышын қандырды. Сөйтіп, тарихы терең тың туындыларға түрен салып, тағылымын арттырады.

ОҚО мәдениет басқармасы ұйытқы болған, Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған  байқау қазақтың көне аспаптарын насихаттауға, ансамбльдер арасындағы шығармашылық байланысты дамытуға бағытталған. Ұлттық өнердің өрленуіне жол ашатын мәдени шараға республика көлемінен 10- ға жуық ұжым қатысты.  Шығыс Қазақстан мен Павлодардан келген ұлт өнерін насихаттаушылар да мәдени шараның маңызын арттырды.

Қазылар алқасы мүшелерінің айтуынша, мұндай шара әр тарапта орналасқан ансамбльдердің арасында раперутар алмасуда, тәжірибе жинауда маңызы зор. Қатысушы ұжымдар да осал емес. Сондықтан да өнер сайысы жоғары дәрежеде өтуде.

Байқаудың қорытындысы бойынша, жүзден жүйріктер анықталды. Бас жүлде Алматы облысынан келген, «Адырнаның» қанжығасына байланып, өнер ұжымы қаржылай 300 мың теңгеге ие болды. Бірінші орынға М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің «Самұрық»  ансамблі лайық деп танылды. Жүлде қоры – 200 мың теңге.  Ал екінші орынға Қазалының «Қорқыт сазы» ие болса, үшінші тұғырдан Алматы қаласының «Шекарашылар сазы» ансамблі ие болды. Олар 150 мың және 100 мың теңге қаржылай сыйақы алды.[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=dbFluu9EToM[/youtube]