Әркім өз атын көшеге қойып ала ма?

Шымкенттегі  Ілияс Есенберлин көшесіне «Дәулет Құралұлы көшесі» делінген тақтайшанын ілінгенін көріп, бірқатар тұрғындар редакцияға хабарласып жатыр.

«Әркім өз атын көшеге қойып ала беретін болған ба?» деп ашынады олар.  Естеріңізге сала кетейік,  бұған дейін бұл көше А.Луначарский көшесі аталып келген-ді. 2007 жылы қалалық мәслихаттың шешімімен көшеге, белгілі қаламгер Ілияс Есенберлиннің есімі берілген.

Бұл мәселе бойынша хабарласқанымызда Шымкент қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы, қалалық ономастикалық комиссия төрағасының орынбасары Мұрат Базарқұлов тұрғындардан осындай шағымның оларға да түскенін, мәселені анықтау үшін, тексеру жұмыстарын жүргізу мақсатында  әл-Фараби аудандық полиция бөліміне тиісті құжаттарды жөнелткендерін айтады.

І.Есенберлин көшесіне өз атын жазып қойған азаматқа қатысты әкімшілік шара көрілетін болады.