Оңтүстік Қазақстан облысында мақтаның 80%-дайы жиналған

93

Оңтүстік Қазақстанда 260 мың тонна мақта жиналды, деп «Қазақ мақта қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Саин Бақтыбаев мәлім етті.

Оңтүстік Қазақстан облысында мақтаның 80%-дайы жиналған. Өнімнің жалпы көлемі 260 мың тонна, — деді ол бейсенбі күні журналистерге.

Оның айтуынша, «орташа өнімділік былтырғыдан артық және 19,9 ц/га». «Былтыр орташа өнімділік 17,8 ц/га болған», — дейді мақта маманы. Сарапшының пікірінше, өнім бұдан да жоғары болуы мүмкін екен. С. Бақтыбаев көрші Қытайда орташа өнімділік 60 ц/га және Өзбекстанда 35-40 ц/га екендігін айтты.

90 жылдың басында біз осы алқаптардан 25-30 ц/га алғанбыз. Бірақ ол дәстүрлі технологиялар кезінде. Ал егер тамшылап суғару технологиясын енгізсек, онда 45-50 ц/га алуға болады, — деді С. Бақтыбаев.

Ол мақташылар қажет агротехнологияларды сақтаса, мақта талшықтарының сапасын да арттыра алады дейді.

«Талшық ұзындығы 33 миллиметрден асатын мақта үлесін жалпы өнімнің 20% деңгейіне жеткізуге де болады», — дей отырып, ол мақта сапасы оның құнын бірнеше есеге артырар еді дейді.

Биыл мақта егістігіне 154,1 мың га алқап бөлінген.