Жаңалықтар 

Рәшкүл Оспаналиева, облыстық мәслихаттың депутаты: «Жақын араласпаған адамды лауазымына қарап құттықтай алмаймын»

Рәшкүл Оспанәлиева — Бұл көпшілікке кеңінен танымал есім. Облыстық мәслихаттың депутаты ретінде өз ой-пікірін қай жерде де ашық айта алатын, билік басындағыларға табанды талап қоя білетін бірбеткей мінезімен танылған азаматша. Түрлі түйіннің күрмеуін тарқатып, игі істердің ұйытқысы болып жүрген, күштінің екпінінен ықпайтын, әлсіздің көңілін жықпайтын жаны жомарт, қайырымды жан ретінде де ақсақалдарды айтпағанның өзінде мектеп оқушыларынан да алғыс арқалап жүрген жан. Сапалы жол, берік көпір салып, әрбір жүргізуші мен жолаушының рахметін алып, сауап істің іргесін қалап жүргені өз алдына бөлек әңгіме. Бірнеше ауданның құрметті азаматы атағы да тектен-текке берілмегені белгілі. Елдің бүгінгісін ғана емес, ертеңін де тереңінен ойлап, екі әйелдің бірінің қолынан келмейтін «екі әйел алу» туралы батыл пікір білдіріп, баспасөз бетін қызу пікірталасқа ұластырған да осы Оспаналиева. Жастарға, жас отау иелеріне деген жанашырлығын өз қаражаты есебінен «Неке сарайын» салу арқылы білдірді. Ал туған жері, туған тілі, туған ұлтына деген көзқарасы алабөтен екенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Отбасында адал жар, аяулы ана, сүйікті әже бола білген Рәшкүл Жәлелқызы айналасын гүлге көмкеріп жүргенді де жаны сүйеді. Облыстық мәслихаттағы елу депутаттың ішіндегі жалғыз әйел, елуге толып отырған Рәшкүл Оспанәлиевамен арадағы әңгіме осы «елудің» төңірегінен бастау алды.

Елудің өзге жастарға қарағанда алып келер жауапкершілігін қалай сезініп жүрсіз?


Елу жасқа толғанда адам өмірінің жартысынан көбін жасап қойдым деп ойлайды екен. Артта қалған өмір жолыма қарап, осы ғұмырымда не істей алдым, қандай жақсылық жасадым, елге, халыққа, туған жеріме титтей де болса пайдамды тигізе алдым ба, Хакім Абай айтқандай, өмірге кішкене де болса кірпіш болып қалана алдым ба деген ой мазалайды. Өзіңе өзің есеп беретін жас секілді бұл. Қазақта бала келін, ана келін, дана келін деген бар ғой. Әйел баласы 40 жастан әрі қарай дана келінге қадам басатынын байқадым. Жасың ұлғайған сайын өмірге деген бұрынғы көзқарастарың өзгереді екен. Мәселен, осыдан 10-20 жыл бұрын мен бір адамға өкпелесем, соны кешіре алмастай көретін едім. Ал қазір менің ешкімге де ренішім жоқ сияқты. Өкпе-реніш дегендеріңіздің барлығы өмірдің кішкентай ғана бір бөлшектері тәрізді. Кейде түкке тұрғысыз нәрсеге тулап, орынсыз өкпелеп, ағайын мен ағайын, жолдас пен жолдас бір-бірімен ренжісіп, өміріміздің маңызды сәттерін босқа өткізіп алып жатамыз. Ал шындығында, өмір соншалықты қысқа. Көзді ашып-жұмғанша, міне, елуге де келіп қалыппыз. Маңдайға жазған ғұмырымызда қолымыздан келсе бір-бірімізге жақсылық жасап, сыйласып, өзара ынтымақта болып, жылы сөзімізді аямағанға не жетсін! Бұл өмірдің мәні осында ғана секілді.
Мен Жамбыл облысының Шу ауданында көпбалалы отбасында, яғни он ұл-қыздың үлкені болып өстім. Әкем өмірден өтті, анам қазір ауылдағы қарашаңырақта тұрады. Бауырларымның барлығы шама-шарқынша жоғары оқу орнын бітіріп, бір-бір мамандық меңгерді. Арамызда мұғалім де, дәрігер де, қаржыгер де, экономист те, кәсіпкер де бар. Ата-анамның өмір жолынан, туып-өскен отбасымдағы жағдайдан көңілге түйгенім, осы уақытқа дейін жинаған дүниеміз де, абыройымыз да, атағымыз да балаларымыз. Өйткені, есіктегі басыңды төрге сүйрейтін де, керісінше төрдегі басыңды босағаға жылжытатын да осы балаларың, балаларыңның іс-әрекеті. Құдайға шүкір деп айтайын, қазір қай жерде болсын «Рәшкүл» десеңіз «а, ол кісіні танимыз» дейтіндей жағдайға жеттік деп ойлаймын. Бұл елге деп еткен титтей де болса еңбегімді елегендік, дәріптеп, бағалағандық деп білемін. Мен оңтүстік халқының осындай мінезіне шексіз ризамын.

Кәсіпкерлікті бастау қаншалықты қиын болса, оның тасын өрге домалату да соншалықты қиын шаруа. Бизнесті қалай бастадыңыздар?

Жолдасым Әлішер екеуміз аз қиналған жоқпыз. Үйленгеннің алғашқы жылдары ата-енемізбен бірге шағын ғана қоржын тамда қысылып-қымтырылып 6 жылдай тұрдық. Әлекеңнің өзі 6 ағайынды. Сол кезде баспанасы болмаған бауырларының барлығы да осы үйде паналады. «Тұрғын үй» деген мемлекеттік бағдарламаның арқасында қаладан өз алдымызға баспана салдық. Сөйтіп, әлі есімде, 1989 жылғы қыркүйектің 28-29 күндері көшіп барып, 30-күні Әлішердің туылған күнін атап өттік. Қоныс тойы мен туылған күнді бірге тойладық.
Әлекең екеуміздің істемеген кәсібіміз жоқ десем де болады. 1984-90 жылдардың аралығында өкіметтің жұмысын істей жүріп, бал арасын асыраумен айналыстық. Күзгі уақыттарда бізде күн суытып кетеді де, Тәжікстанда күн жып-жылы болады. Араларды сонда апаратынбыз. Әр сенбі күндері таңертең шығып, жексенбінің түнінде қайтып келеміз. Ал күн жылыда тау бөктеріне қоныстандырған аралардың басына күн сайын кешкісін барып қайтамыз. Жер үйімізде балапан да бақтық, мал да бақтық, әйтеуір үйленген күннен бастап қосымша жұмыс істемей, қол қусырып отырған кезіміз болған емес. Бір айлыққа қарап отыру деген болмайтын. Ал кәсіпкерлікті алғаш шаштараз ашудан бастадық. Сосын серіктестік құрып, диірмен аштық. 1998 жылы «Берекенің» тұсауы кесілді. Ешкім бізге бар дүниені дайын күйінде «мә» деп бере салған жоқ. Бүгінгі жағдайға еңбекқорлықтың, төзімділіктің арқасында ғана жеттік. Адам баласы алдына мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолында ерінбей еңбек етсе алынбайтын асу, бағындырмайтын биік болмайтынына көзіміз жетті.

Бизнестің негізгі тірегі, ұстанымы, құпиясы неде деп ойлайсыз?

Бизнестің ұстанымы сенім мен сапа. Ең алдымен әріптесіңе адал бол, айттың ба, айтқаныңды орында. Сонда жұмысың да жүреді. Бір күндік пайда үшін қулыққа барып, әріптесіңді алдасаң, ертең-ақ кәсібің тоқтайды. Екінші, сапаға жұмыс істеу. Осы екеуіне тиянақты болу керек. «Берекенің» имиджі де осылай қалыптасқан. Қазір Ресейдегі, басқа да жиі байланыста болатын шетелдік әріптестеріміз бізге толықтай сенім арта алады.

Жұбайыңызбен қай жылы, қай жерде танысып едіңіздер?

Біз екеуміз Алматыда жоғары оқу орнында оқып жүріп танысқанбыз. Әлекең оқуын менен үш жыл бұрын бітірді. Ол кезде үйден сырға салып, той жасап шығарып салу деген жоқ еді, алып қашу болатын. Біз де солай үйлендік. Шындығын айтқанда, мені Шымкентке «практикаға» келгенде алып қалған. Біз үйленгенде Әлекеңнің ата-анасының осында көшіп келгеніне 3-4-ақ ай болған екен. Бұл жақта ешкімді де танымайды. Аулада өткен кішігірім беташар той да, үйлену тойымыз да Әлекеңнің өзінің жинаған ақшасымен өтті. Бейнелеп айтқанда, қазіргі балаларға айтсаңыз күлетін той болған.

Сіздің қалыптастырған карьераңызға жолдасыңыздың қосқан үлесі қаншалықты қомақты?

Бұл отбасыға келін болып түскелі қолдап-қолпаштайтындар болды. Ең алдымен қайын атамның қолдауы жүрегіме жылы тиді. Қанша дегенмен, басқа облыстан, басқа менталитеттен келген келінге оңтүстіктіктің менталитетін игеру оңай емес қой. Мен туып-өскен Шу ауданының тұрғындары жартылай орыстанып кеткен болатын. Ал жолдасымның өскен ортасы мүлдем бөлек. Әлекеңдердің отбасы Өзбекстаннан көшіп келген, салт-дәстүрге қатты қарайды. Кез болған қиындықтан жол тауып шығуда атамның көмегі айрықша тиді.
Әрине, бүгінгідей жетістікке жетуім Әлекеңнің арқасы деп айта аламын. Өйткені, іскер әйелдердің көпшілігі өмірлік жолдастарының қолдауына ие бола алмауы себепті өздерінің бойындағы іскерлік қабілеттерін түншықтырып алады. Облыстық мәслихат депутаттары арасында менен өзге бірде-бір келіншектің болмауына осындай жайттар себеп болуы да мүмкін. Ал Әлекең болса өзі көйлеңкеде қалса да мені алдыға жіберді. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейтін қасиет. Әсіресе, оңтүстікте.

 Депутаттық мандатқа алғаш қай жылы ие болдыңыз?

2005 жылы Шымкент қалалық мәслихатындағы босаған орынға депутат болып сайландым. 2006 жылдан бері облыстық мәслихаттың депутатымын.

Мандатыңыздың жеке бизнесіңізге тигізген пайдасы болды ма, әлде…

Мен үшін жеке бизнес пен депутаттықты қатар алып жүру пайда әкелген жоқ, керісінше кедергісі артты. Бұрын жеке бизнесті басқа жаққа мойын бұрмастан, алаңсыз атқара беруші едім. Біздің кәсіпкерлікті бастағанымызға 15 жыл болып қалды, былайша айтқанда қалыптасып үлгергенбіз. Алайда, қазір депутат ретінде көпшілікке ортақ мәселе көтерсеңіз кейбіреулер «тендер» ала алмай қалғаннан кейін осылай етіп жатыр» деген қисынсыз сөзді көлденең тартқысы келеді. Депутат болғалы халықтың мүддесін ғана алға тартып, өз мүддеме келгенде тартыншақтап, үндемей қаламын. Мұның менің кәсібіме залал келтіретін жағы да жоқ емес. Кейде депутат ретінде қаттырақ сөйлеп қойсам, фирмаңды тексеріп, қорқытқысы келетіндер де кездеседі. Бірақ, бәрібір шындықты айтпай жүре алмайсың ғой.
Әр ауылда арыз жазуды әдетке айналдырғандар кездесіп жатады. Арызданушылар жан-жаққа жіберетін арыздарын депутат екенімнен бастайтын болды. Сол себепті де қазір «Береке» корпорациясының тізгінін өзге біреуге беріп, директорлықтан шығып кеткенмін.

Осындай қиындықтардың кездесерін біле тұра алдағы уақытта тағы саяси додаға түсу ойыңызда бар ма?

Ойымда бар. Өйткені, жеке басыңның ғана қамын күйттегенше халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтау әлдеқайда саапты іс. Халықтың да әйел адамның сөзінде тұра алатынына көзі жете бастады. Сайлаушылардың сенімінен шығудың өзі бір ғанибет. Мұндай сәтте тағы екі-үш есе көбірек жұмыс істегің келеді, сондай шабыт пайда болады. Күш-жігерім жетіп жатса, бұл жұмысымды тоқтатпаймын. Алдағы уақытта менің қатарыма қосылатын құрбыларымның да саны артады деген ойдамын.

Ел аузында Сізді Парламенттің депутаты болады деген әңгіменің айтылып жүргеніне біраз болды…


Мұндай әңгіменің қайдан шыққанын білмеймін, бірақ, мені «Сенатқа сайлануыңызбен құттықтаймыз» деп хабарласқандар да болды. Бәлкім халықтың түсінбегендігінен де шығар, шатастырып жүргендері. Дегенмен, «Парламентке барыңыз, сол жақтан көрейік» деген тілек пен бата жиі айтылады. Мүмкін, мені олар Парламенттен көргісі келетін шығар? Ендеше, неге ол жаққа да бармасқа?! Бұл мәселе де ойымда бар. Қазіргі мәжілісмендерден тәжірибем де, білімім де кем емес деп есептеймін. Егер Праламентке барсам, Оңтүстік Қазақстан үшін тигізер пайдам қазіргіден де қомақтырақ болатын шығар. Алла бұйыртса, барармыз.

Ауылыңызға мешіт салып бергеніңізді білеміз…

Мешіт салдыртуымның негізгі себебі ауылдағы анашаның елге тигізіп жатқан зиянына байланысты болды. Ауылда осы есірткінің кесірінен сотталған жастардың қатары көбейіп кетті. Ал жастарға жол көрсетеді деген қариялардың біреуі де намаз оқымайды. Ауыл азғындап бара жатқанын көріп, мешіт салу ойыма келді. Қазір мешітке қариялар қатары көп келе қоймағанымен, жастар жағы жиі бас сұға бастады. 50-60 жамағат ұдайы мешітке барып тұрады екен.

 Өзіңіздің мінезіңізге сипаттама бере аласыз ба?

Өзіммен бәсекелес немесе лауазымы жоғары адамдарға қатыгез де, қатал да бола аламын. Олай дейтін себебім, олар маған қыр көрсетіп, тізесін батырғысы келсе, мен де қайтпаймын. Ал өзімнен төмен, қарапайым халық үшін жалғыз нанымның жартысын бөліп беруге дайынмын. Бұл атам мен әжемнен алған тәрбиемнің жемісі. Осы күнге дейін біреудің алдына барып, көмек, қызмет сұраған адам емеспін. Әкімді, өзге де лауазымды бір адамды туылған күнімен немесе жаңа жыл секілді маңызды мерекелерімен құттықтау мен үшін жағымпаздыққа жататын сияқты. Бәлкім бұл дұрыс та емес шығар, біреудің жеке қуанышын бөліскеннің несі айып деп те ойлайсың. Дегенмен, жақын араласпаған адамды лауазымына қарап құттықтай алмаймын. Бұған менің ар-намысым жібермейді.

Әттеген-ай деген, өкінішіңіз бар ма?

 Егер өмірге қайта келіп, өмірді жаңадан бастайтын мүмкіндік болса дәл осы жолды қайта таңдар едім. Әрине, өмір өкінішсіз болмайды, десек те ұмыта алмастай сан соғып, қатты өкінген жерім жоқ. Маған ұрпағым аман болса, халық аман болса, абыройыма дақ түспесе, содан артық бақыт керек жоқ. Мансап та, басқасы да мені қызықтырмайды. Осы өміріме ризамын.

Нені армандайсыз?

Қазақтың қара домалақ ұл-қыздары өздерінің туған жерін, тілін, дінін ұмытпаса, қазақ деген халық дүние жүзіне әйгілі болса екен деген арманым бар. Осыдан 10-20 жыл бұрын ғана Қазақстанды әлемдік деңгейде көпшілігі білмейтін. Ташкент деп тақылдап жүретіндердің дені Алматының аты аталғанда абдырып қалады. Осындайды естігенде қатты намыстанатын едім. Қазір еліміз бүкіл әлемге танылып, мойындалып жатыр. Әрқайсымыздың жүрегіміз қазақ деп соғып, бойымызда қазақ деген қан жүріп тұрғанда туымыз құламауы, тұғырымыз биік болуы тиіс.
Мені тағы бір толғандыратын мәселе қыз балалардың тәрбиесі. Қыздар дұрыс тәрбие алмаса, қазақтың болашағы бұлыңғыр деген сөз. Өйткені, болашақтың негізгі тәрбиесі аналардың қолында. Ана жақсы болса, баласы ешқашан жаман болмайды.

 Басыңыздан өткен бір қызықты оқиғаны еске түсіріп көріңізші…

Біздің балалық шағымыз өткен ауылдағы бауда өсіп тұратын шөптердің есірткі екенін есейгенде ғана біліппіз. Алғаш студент болғын жылы Қарағандының бір жігіті «Рәшкүл, ауылдарыңда анаша өседі ма?» деп сұрады. Дипломаттың дефицит болып, сәнге айналып тұрған кезі. Қара дипломатты көрсетті де «осыны саған беремін, сен маған анаша әкеліп берші» деді. «Жақсы, анаша деген ауылда көп» деп қуанып мен кеттім, бұл сөзіме қуанып ол қалды. Ауылға келіп, бұл «қуаныш» жайлы ең алдымен әкеме айттым. Әкем шошып кетті, «ол үшін адам сотталады» деді. Анаша үшін адам сотталатынын сол кезде алғаш рет есітіппін. Әйтпесе, анаша деген үйдің жанында-ақ өсіп тұр ғой.

Жалпы әзіл-қалжыңға деген көзқарасыңыз қалай? Өзіңіз жиі қалжыңдасасыз ба?

-Қалжың деген нәрсені түсінбеймін да, айтпаймын да. Теледидардан берілетін қалжың бағдарламалар көбейіп кетті ғой. Кейбіреулер күліп жатады, ал мен соған не үшін күліп жатқанын түсінбеймін. Әзіл-сықақ театрларының көпшілігі қазақтың кәдімгі кемпір-шалын әжуаға айналдырып жатқандай көрінеді. Неге десеңіз, жап-жас балалар кемпір-шалдарша киініп алып, көзіне көзілдірік, құлағына «наушник» қыстырып алған қариялардың ролін ойнап, мазақ етіп жатады. Ал шын мәнісінде дәл осы әрекеті арқылы олар өздерінің анасын, әжесін, атасын мазақ етіп жатқанын біле бермейді. Тойларда, басқа жерлерде осындай көріністерді сахналап жүрген қандастарымыз үшін намысым келеді. Ондай нәрсеге біз күлмеуіміз керек, керісінше жылауымыз керек. Кеше ғана теледидардан бір «квн»-ді көріп қалдым. Америка мен біздің мемлекетімізді салыстырып жатыр. Сонда жұртты күлдіреміз деп, арзан күлкіге қарық қыламыз деп Американы асқақтатып, Қазақстанды ХV ғасырға апарып тастағанын өздері де сезбейді. Былайша айтқанда, олардың көпшілігі басқаны емес, өзіміздің қазақты сайқы-мазақ етіп жатады. Сонда біздің қазақ деген намысымыз қайда қалды?

Сұхбаттасқан — Ш.МЕКЕНБАЙ.

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz