Бүлдіршіндер бұтына жіберіп қоюда. Себебі, балабақшада жылу жоқ

Редакциямызға жылудың жәйін айтып, хабарласушылар қатары толастар емес. Үйде отырып бүрсең қаққан ата-аналарды балалар бақшасы мен мектептердегі жылудың сапасы да алаңдатуда. 11-ші және 12-ші шағынауданның тұрғындары «қысқа толық дайынбыз» деген жылуберушілердің бюджеттік мекемелерге жылу қарашаның бірінен бастап толықтай беріліп қойды дегені қайда деген сауалына жауап іздеумен әлек.

Т.Рысқұлов көшесіндегі 225-үйдің тұрғыны Нина Боп»»кова күнде-күнде қырыққабатша киінуден жалықпайтын болыпты. Жылудың әне беріледі, міне беріледі деген желеуінен шаршаған кейуана бүрсең қақпаудың басқа жолын ойластырып, көгілдір отын жағып, соның жан-жағынан айналшықтап шыққысы келмейді. Қарт әжейдің пәтеріндегі сынап бағанасы плюс +12. Қалыпты жағдай — 18-ден бақандай алты санға кем.

Нина БОПКОВА, Т.Рысқұлов көшесі, 225-үйдің тұрғыны: «Үй тым салқындап бара жатқан соң жылыту пештерін қосатынмын. Үйіміздегі басқа пәтерлердің де тоқ пештерін қосуының салдарынан электр күші көтере алмай кеше кешкі сағат 19.00-ден түнгі 24.00-ге дейін жарықсыз отырдық. Жылуберушілерден қашан жылу бересіңдер десеңіз, сізге тіпті бұрылып қарамайды да. Бұл не деген масқара?! Үйде отырып, киіп отырған киіміміздің тұрқын қараңызшы. Қырыққабат секілдіміз.

Қалада жылуы әлі кешеуілдеп жатқан балалар бақшасы да бар. «Бір, екі, үш. Бойға жинап күш»-деп бірлесіп қимылдап, ойнап жүрген балдырғандар бұл күндері тоңғанын дене жаттығуларын жасау арқылы сезінгісі келмейтіндей. Жылу әне-міне берілуі тиіс. Жылуберушілердің осындай сөзіне тәрбиешілер мен бүлдіршіндер де сенгісі келіп, асқан шыдамдылықпен, арасында күрк-күрк жөтеліп, күтуіне тура келеді. Кемшіліктің орын алуына жақын маңда болған жылу құбырының апаты себеп болыпты. «3-Энергоорталықтың» мамандары осыны желеу етеді.

Светлана, ата-ана: Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, бүлдіршініме зияны тиіп жүрер, бірақ балабақшаға баратын бөбегім күн суығаннан бері бақшада жүріп бұтына жіберіп қоятынды шығарды.  Себебі, ондағы тәрбиешілер балабақша іші қанша суық болса да киімін шешуге мәжбүр ететін көрінеді. Карантин жариялап, жылу бергенше неге балабақшаны жаба тұрмайсыздар дегенге тағы да көнбейді ондағылар. Адамды бұлайша қорлауға болмайды ғой.

Дүйсенбі күні мектеп оқушылары екінші демалыстан сабаққа шығуы тиіс. №43 мектептің ауласындағы құбырды жамап «3-Энергоорталықтың» мамандары жүр. 5 метр құбырды қайта дәнекерлеудің кесірі осы маңдағы тағы 3 үйдің жылусыз отыруына себеп болды. Мән-жайды түсіндіруге мұршасы да жоқ жұмысшылар істі қалай да тезірек бітірудің қамымен әлек.

Бейсенбек ЖАНБОСЫНОВ, Қалалық коммуналды шаруашылық бөлімінің бастығы: «Қарашаның 10-12-не дейін қаланың барлық көпқабатты үйлері жылумен толық қамтылуы тиіс. Қазір пәтерлер жылумен 97-98 пайыз қамтылды. Дегенмен, ішкі және сыртқы орамдық күрделі жөндеулерге байланысты екі денсаулық сақтау мекемесі мен төрт білім мекемесі жылуға қосыла алмай тұрған жайы бар. Межелі мерзімге дейін барлық олқылықтардың орнын толтыруға тырыспақпыз».

Қарашаның алғашқы онкүндігі аяқталуға жақын. Мамандар алдағы дүйсенбіден бастап барлығы қалыпқа түсуі керек деп болжауда. Мектеп оқушылары мен олардың ата-аналары жаңа тоқсанды жылы бөлмелерде бастасақ деп үміттенуде.

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz