Депутаттықтан дәмелілер көп

Билік партиясы үміткерлерді ұсынды. Кешегі аптада «Нұр Отан» ХДП ХІV съезінде ҚР Парламенті Мәжілісіне депутат болатын үміткерлердің партиялық тізімі бекітілді. 127 адамнан тұратын тізімде Оңтүстік Қазақстан облысынан 5 үміткер бар. Олар: «Нұр Отан» ХДП ОҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары – Ұ. Сәдібеков, Мәжілістің экс-депутаттары Ш. Мырзахметов, Н.Сәрсенов, ОҚМУ-дың ректоры – У.Бишімбаев, «Мырзакент-холдинг» ЖШС-нің директоры Б. Жамалов.

Ал, бұған дейінгі Мәжілісте депутат болған А.Нехорошев, Б.Сыздықова, Б.Тілеухан, И.Елекеев «нұротандықтар» ұсынған жаңа тізімнен көрінбейді. Есесіне бұл тізімде белгілі әнші Нұрлан Абдуллин, өнер қайраткері Әлібек Дінішев, Президент әкімшілігі жеткшісінің бұрынғы орынбасары Мәулен Әшімбаев, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, Экология министрі Нұрғали Әшімов, Президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева да бар.
Естеріңізге сала кетейік, 2012 жылғы қаңтардың 15-і күні ҚР Парламенті Мәжілісіне және жергілікті мәслихаттарға депутаттар сайлау өтеді. Саясат сахнасындағы қызу талқыға түскен тақырып та осы, бұл күндері. Кешегі аптаның еншісінде кетер айтулы жағдайлардың тағы бірі Елбасының Жарлығымен бірқатар Сенат депутаттары қайта тіркеуден өтті. Осылайша Сенатта да жаңа есімдер пайда болды. Бұған дейін де Сенат төрағасы лауазымын абыроймен атқарып келген Қайрат Мәми қайта сайланды. Сенаттағы Мұхтар Алтынбеков, Бауыржан Мұхамеджанов, Ерлан Нығматулиннің сапына Берік Имашев, Икрам Адырбеков, Людмила Полторобатько қосылды.
Мәжіліс сайлауына қайта ойысар болсақ, жаңа онжылдықта жаңадан негізі қаланғалы отырған Мәжілісте кімдердің болатындығы шынында да елдің қызығушылығын тудыруда. Белгілі саясаткерлер түрлі болжамдар айтып әлек. Бір белгілісі Мәжілістің көп партиялы болуы керектігі. Дегенмен, 7 пайыздық дауысты елімізде тіркелген партиялардың барлығы бірдей жинай алуы мүмкін бе?
«Демократия институты» ғылыми-зерттеу қауымдастығы жүргізген әлеуметтік зерттеуі бойынша бұл сайлауда «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясы – 75,7%, «Ақ жол» демократиялық партиясы – 7,5%, «Азат» партиясы – 2,1 %, Қазақстанның коммунистік халықтық партиясы – 2 %, «Әділет» демокартиялық партиясы – 0,9 %, Патриоттар партиясы – 0,9 %, «Ауыл» әлеуметтік-демократиялық партиясы – 0,8 %, «Руханият» партиясы – 0,1 % дауыс жинауы мүмкін. Сонымен бірге «Сайлауға барып, дауыс беремін» деуші қазақстандықтардың үлесі 61,3 пайызды құрап отыр екен. Бұл елдің сайлауға қатысу белсенділігін аңғартуда.
Президенттің кеңесшісі, белгілі саясаттанушы Ермұхамет Ертісбаев «Руханият» партиясының басына белгілі қоғам қайраткері, ақын Мұқтар Шаханов келетін болса, бұл партияның сайлауда жеңіске жету мүмкіндігі молырақ болатындығын айтады. Алайда, көппартиялыққа қол жеткізе алмағанымызбен, жаңа Мәжілістің қос партиялы болары сөзсіз. Ал, «Нұр Отаннан» кейінгі партия мүшелерінің қатысуымен Үкімет жасақталады деген де болжам айтылуда. Саясаттанушылар ондай жағдайда билік басынан «ақжолдықтарды» көретін боламыз деп отыр. Ол да мүмкін. Әзірге, елімізде сайлауға қызу дайындық жүріп жатыр.
Айтпақшы, Мәжіліс депутаттары сайлауының бюллетеньдерін ҚР Ұлттық банкінің банкнот фабрикасы дайындайтын болды. Бұл жайлы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов мәлім етті. Ал, жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау бюллетеньдері еліміздің төрт өңіріндегі ұйымдарда дайындалады екен.
Бір сөзбен айтқанда, сайлау комиссиясы саяси маңызы бар бұл науқанға сақадай-сай. Өңірлердегі сайлау комиссиялары да «дайынбыз» деп отыр. Тек үміткерлер тіркеуден өтсе болғаны.
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жергілікті мәслихаттарға жалпы алғанда 315 депутат іріктелуі керек. Осыншама орынға қанша адам таласатыны әзірге белгісіз. Бүгінге дейін өз кандидатурасын ұсынған үміткер жоқ. Айта кетейік, Шымкент қалалық мәслихатына депутаттыққа 29 орын берілген.

Ал осы кезде…

Орталық сайлау комиссиясы жиі бас қосатын болды. Сайлауға қатысу үшін көшбасшы партия «Нұр Отан» ресми түрде тіркеліп те үлгерді. «Нұротандықтар» ұсынған тізімнен халық әсіресе жоғары оқу орындарының басшылары көбірек камтылғанын, аймақтардағы ауыл, аудан, облыс әкімдерінің де Мәжіліс депутаттығынан үмітті екенін байқады. Президент әкімшілігінен Серік Үмбетов сынды сақа шенеуніктің де депутаттықтан үміткерлер тізімінде болуы біраз нәрсені аңғартқандай.
Облыстық мәслихат депутаттығынан кімдердің үміткер екенін әзірге тап басып айту қиын. Бұрынғы депутаттардың да біразы қайта сайлауға түсуден дәмелі екені сөзсіз. Анығы сол, бұл жолғы облыстық мәслихатта жолы жіңішке әйелдердің қатары көбеймек. Осылайша Рәшкүл Оспанәлиеваның депкорпустағы құрбы-әріптестері болары сөзсіз. Бұл аудандық мәслихатқа депутат сайлауда да орындалуға тиісті «жоғары» жақтан келген «тапсырма». Осының өзі-ақ, жергілікті мәслихаттарда біраз өзгерістің болатындығын, оның арты әкімдікте де кадрлық ауыс-түйіске алып келетіндігін аңғартатындай…