//

Кентаулықтар таза ауызсуға зар

Кентауда ауыз су мәселесі халықтың нағыз бас ауруына айналған. Кезінде дүрілдеген кеншілер қаласында қазір ауыз су санаулы сағат қана беріледі. Алайда, ресми мекемелер болса Кентауда айтарлықтай мәселенің жоқ екенін, су тәуліктің басым бөлігінде барлық пәтерде ағып тұр деп мәлімдейді.

Сексеннің сегізіне шыққан Кентау тұрғыны Полина Палица ауыз судың зардабын біраз жылдан бері тартып келеді. Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагері сал болып төсек тартып жатып қалған ерінің жағдайын жасаумен әлек. Сөйтіп жүргенде, ауызсудан құр қалған кезі көп.

Полина Палица, Кентау тұрғыны ҰОС және Еңбек ардагері:
– Жұбайым екеуіміз жалғыз тұрамыз. Екеуімізде денсаулығымыз нашар. Кейде суды жинап алуға үлгерсем, ауырып жатып қалған кездері үлгермей де қаламыз. Оның үстіне тәулігіне 2-3 сағатқа ғана берілетін су жарытып ақпай сыздықтайды да тұрады.Тіпті мүлдем ақпай қалатын кездері де жеткілікті.

Кентауда ауызсу мәселесі ушығып тұр. Кеншілер қаласының кез келген тұрғыны растайды мұны. Күніне әрі кеткенде 3 сағат қана сызаттанып ағатын суды біреуі жинап алса, енді біреулерінің оған мүмкіндігі де жоқ.

Осы бейнесюжетті дайындап жатқанда біздің электрондық поштамызға Кентау тұрғыны мынадай суреттер жіберді.Мынау жауын-шашын болғанда Кентаудағы пәтерлердің суқұбырлы шүмегінен ағатын судың көріністері. Судың тапшылығы аздай Кентаулықтар, иісі қолқаңды қабатын мынадай лайсаң суды қолдануға мәжбүр. Қаланың тұрғындары шүмектен ағатын қара суды жаңбырдан кейінгі қалыпты жағдайға айналып кеткенін айтады.

Суға жауапты “Кентау су шар” мекемесінің басшысы мәселені түсәндіруден бас тартты. Мұны ол мекеменің миллиондаған қарызға батып, банкроттыққа ұшырауымен байласынтырады екен. Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасындағылар болса кеншілер қаласында лайсаң судың ағатынын жоққа шығарды. Дегенмен, Кентаудағы ауыз су тапшылығы мәселесі облыс әкімінің назарында екенін, ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын және 2 жылда мәселенің түбегейлі шешілетінін айтты.

Мамандардың сөзіне сенсек 2013 жылдан кейін тек Кентаулықтар емес, сонымен қатар қала маңындағы елді-мекендердің барлығы суға қарық болатын түрі бар. Ал, оған дейін кеншілер қаласы лайсаң суды кесте бойынша іше тұруға мәжбүр.

Тағы да оқитындарыңыз