Мұғалімдерге қосымша үстемақы төленеді

292
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гаухар Исабекова сабақ үстінде

 

Ұстаздық етуден жалықпас үшін, алдымен жалақы жақсы болу керек. Соңғы жылдары мемлекет мұғалімдердің әлеуметтік әлеуетіне көп көңіл бөле бастады. 2020 жылға дейінгі білім беруді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсаты да педогог мәртебесін көтеру.

Жаңа оқу жылынан бастап мұғалімдерге біліктілік санаты бойынша қосымша қаржы төлене бастады. Біліктілік санатына қарай төленетін қосымша қаражат ұстаздардың жалақысын айтарлықтай толықтырады. Биылдың өзінде жалақының көрсеткіші 30 пайызға көтеріліп, ағартушылардың  айлық табысы орта есеппен 60-100 мың аралығын қамтыған екен.

Биылғы жылы ел қазынасынан тек мұғалімдер санаты үшін 15 млрд. теңге бөлінбек. Ал осыған дейін бас бюджеттен қарастырылған 20 млрд теңге алдымен педогогтың  айлығын арттыруға содан кейін мектеп салуға жұмсалады екен.

29 қыркүйекте ҚР Үкіметінің қабылдаған қаулысы бойынша енді ай сайын мектеп мұғалімдері мен кектепке дейінгі білім беру мекемелері тәрбиешілерінің біліктілік санатына қарай төленетін қосымша ақысы төмендегідей:

Жоғарғы санаттағы ұстаздардың үстемақысы -лауазымдық базалық жалақының 100 пайыз көлемінде болмақ.  Бұл сомманың 40 пайызы республикалық нысаналы трансферттің есебінен бөлінсе, қалған 60 пайызын жергілікті бюджет толықтырады екен. Ал бірінші санаттағылар жалақысының 50 пайыздық өлшемін қосымша алады. Оның 15 пайызы республикалық қазынадан 35 пайызы жергілікті бдюджеттен қарастырылады. Сонымен қатар екінші санаттағы ұстаздарға 25 пайыз үстемақы бөлінген.

Бұдан былай ұстаз еңбекақысы тек артып отырады. Өйткені, бұл білім беруді дамыту бағытындағы мемлекеттік бағдарламаның басты мақсаты. Үкіметтің қаулысы бойынша санаты жоқ ұстаздарға да 20 пайыздық қосымша ақы төленеді. Сөйтіп ағартушылардың әлеуметтік мәселесі 2016 жылға дейін толығымен шешілуі тиіс.